Қазақстанға электронды ақша қажет пе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде АҚШ, Жапония, Германия сияқты бірқатар мемлекеттер криптовалютаны заңдастырып, биткойндар саудасына ресми түрде рұқсат берді. Посткеңестік елдер де цифрлық ақшаның болашағына сеніммен қарай бастаған сияқты. Өйткені, былтырғы жылдың соңында Беларусь арнайы заңнаманы қабылдаса, Ресей осы жылдан қалдырмай, тиісті құжаттарды рәсімдейміз деп отыр. Сөз жоқ, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде болғаннан кейін, Қазақстан да осы бір жаһандық трендтен, әлемдік қаржы жүйесін өзгертетін үдерістен қалмауы қажет.

Криптовалютаны заңдастыру жұмысын тездету керек

Бүгінде криптовалютаның болашағына қатысты нақты болжам жасау қиын. Біреулер «электронды ақша қазіргі әлемдік қаржы жүйесін түбегейлі өзгертіп, «доллар гегемониясынан» құтылуға көмектеседі» десе, енді біреулер ондай валютаны спекулятивті, яғни алыпсатарлық әрекеттердің құралы ретінде қарастырып отыр. Биткойн сияқты криптовалюталар тағы бір қаржы дағдарысына себеп болуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Дегенмен, бір нәрсе анық, электронды ақша нарығын заң жүзінде ретке келтірмесе, елдің ақшасы шекара асып, өзге мемлекеттердің экономикасын байытып отырады.

Бұндай пікірді Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығының төрағасы Есет Бутин де құптайды. «Олар Ресей, АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея нарықтарына шығып, криптовалюталарды сатып алуда. Бұл дегеніміз, Қазақстандағы ақша шетелге кетіп жатыр деген сөз. Әрине, ел экономикасы үшін ол жақсы жағдай емес. Ондай нарықты өзімізде жасау қажет. Ол үшін тиісті ережелерді, бақылау мен реттеу шараларын әзірлеп, криптовалюталар алаңдары мен биржаларын құрған маңызды. Токендерді доллармен емес, теңгемен саудалауға жағдай жасау қажет. Сонда қазақстандықтар табыс таба алады. Ең бастысы, ол ақша шетелге кетпейді», - дейді Есет Бутин.

Иә, электронды ақшаның болашағына бағдар жасамай-ақ, оның таза экономикалық пайдасына үңілетін болсақ, криптовалютаны өз жерімізде саудалаған тиімді екені белгілі. Содан болар, Беларусь биткойнның болашағына басын көп қатыра бермей, электронды ақша саудасына заңды түрде рұқсат берді. Енді, осы елдің азаматтары Минск қаласындағы жоғары теxнологиялар паркінде криптовалюталарды өндіру, яғни майнинг жасау, айырбастау мен саудалау шараларын жүргізе алады. Ал, ең бастысы, ондай кәсіп әзірше бизнеске жатпайды. Барлығын бес жылға дейін салық төлеуден босатты. Осылайша, беларустар өз жерінде криптовалюталар нарығы үшін барынша тиімді жағдайлар жасап беріп отыр. Ресей де жазға дейін арнайы заңнаманы әзірлеп шықпақшы. Біз болсақ, әзірше сараптамалық жұмыспен айналысып келеміз. Былайша айтқанда, өзге елдердің тәжірибесін зерделеп жатырмыз. Айтпақшы, өткен жылдың соңында құрылған Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығы электорнды ақша нарығын сараптау жұмысымен айналысады. 

Криптоалаяқтардан сақтану қажет

Соңғы бір жылдың ішінде биткойнның (Bitcoin) бағамы шарықтап кеткеннен кейін xалықтың электронды ақша нарығына деген қызығушылығы арта түсті. Криптовалютаны сатып алып, үстінен пайда көремін дейтіндер көбейді. Биткойнның баламалы нұсқалары - альткойндар көптеп шығарыла бастады. Биткойнға ақшасы жетпегендер альткойндарды алуға асықты. Осындай ажиотажда алаяқтар xалықтың сауатсыздығын пайдаланып, ақша табудың неше түрлі әдістерін ойлап тапты. Олардың қулығына найза бойламайды. Мәселен, биткойн-әмияндарға қатысты алаяқтық әрекеттер аз емес. Бас кезінде ондай әмияндар ойдағыдай істеп тұрады. Дегенмен, алаяқтар кез келген уақытта ақшаны өз есеп-шоттарына аударып қоюы әбден мүмкін. Сол себепті сарапшы мамандар биткойн-әмиянды дұрыс таңдауға кеңес беріп отыр. Бұдан бөлек, кейбір электронды биржаларда банк карталары арқылы ақша аударғаны үшін төмен комиссияларды белгілеп қояды. Оған да сақ болу қажет. Себебі банк картасымен есеп айырысқаннан кейін барлық жеке мәліметтер алаяқтардың қолына түседі. Олар шоттағы ақшаны кез келген уақытта, әрине, ақшаның соммасы көп болған кезде емін-еркін үптеп кетуге дайын тұрады.

Жалған майнинг (криптовалюталарды өндіру - авт.) те жиілеп кетті. Ондайда алаяқтар майнинг жасау үшін өз құрал-жабдықтарын жалға алуға ұсынады. Бас кезінде шоттағы ақшаның үстіне пайда түсе бастайды. Алайда бұның барлығы - алаяқтардың қитұрқы әрекеті. Олар адамның ақшаны көптеп салғанын күтеді. Клиент жалған майнингке әбден сеніп, ірі көлемде ақша аударғаннан кейін бәрі ізім-ғайым жоқ болып кетеді.

Алаяқтықтың тағы бір жолы - фишинг. Биткойндары бар адамның электронды поштасына акцияның жеңімпазы болғаны туралы xат келеді. Сыйлықты алу үшін дәл сол xатта көрсетілген сілтеме арқылы жеке әмиянға кіру керек. Олай істеген адам барлық мәліметтерін автоматты түрде алаяқтарға жіберіп қояды.

Halykcoin хайп болып шықты ма

Жақында Halykcoin атты отандық криптовалюта шығады деген хабар тарап кеткен еді. Осы кезде Halyk bank (Халық банкі) бірден ресми мәлімдеме таратып, аталған жобаның өзіне ешбір қатысы жоқ екенін жеткізді. Себебі Halykcoin-ның шрифті мен эмблемасы банктің символикасына ұқсас болып шықты. Халық банкі құзіретті мемлекеттік органдарға жүгінетінін де мәлімдеді. «Аталған жобаның ресми сайты - www.halykcoin.org белгісіз адамның атына тіркелген. Сол себепті жобаның ашықтығы күдік туғызады. Бұдан бөлек, сайттың функционалы толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол да алаяқтық әрекетке ұқсайды. Банк «Halyk/Халык» тауарлық маркасының иесі ретінде өз мүддесін қорғау мақсатында құзіретті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы», - делінген ресми мәлімдемеде. Осы орайда банк криптовалюталар нарығына күдікпен қарайтынын жеткізді. Себебі электронды ақшаның қазіргі бағамы тұрақсыз, үнемі өзгеріп тұрады. Оған қоса, криптовалютаны реттейтін заңнама жоқ.

Halykcoin жобасының өкілдері де үнсіз қалмады. Өзін қоғаммен байланыс менеджері деп таныстырған Азамат Ахметов отандық криптовалютаның әлі биржаларға шықпағанын жеткізді. Оның айтуынша, алдымен тиісті инфрақұрылымға қажетті ақша жиналады. Содан кейін криптовалютаның майнингі, яғни оны өндіру жұмысы басталады. Ал  Halykcoin мен Halyk bank ұқсастығына қатысты А.Ахметов «Халық» атты тауарлық маркаға тек халықтың өзі ғана таласа алады» дегенге келтірді. Алайда Halykcoin-ның негізін қалаған адамдардың аттарын айтпады.    

Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығы да отандық криптовалютаға қатысты өз ұстанымын жеткізді. Ұйым басшысы Есет Бутин аталған жобаны «хайп», яғни алаяқтардың жобасы деп атады. «Біз аталған жобаны жан-жақты зерделеп шықтық. Осы жұмысқа қаржыгерлер де, заңгерлер де қатысты. Олардың сараптамасы бойынша Halykcoin - бұл алаяқтардың жобасы. Оны анық айта аламын», - деді Е.Бутин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ұйым басшысының сөзіне қарағанда, Halykcoin-ның ресми сайтында аталған жобамен айналысатын мекеменің нақты мекенжайы және тағы басқа мәліметтер жоқ. Сондықтан оны кім және қай жақтан іске асырып жатқаны белгісіз. «Ол жігіттер бір нәрсені жақсы істеді, бұл - Қазақстан азаматтарынан ақша жинау меxанизмі. Сайтты ашып қарасаңыз, ақшаны кез келген әдіспен салып, Halykcoin-дарды сатып алуға болады. Біз қазақстандықтарды Halykcoin-дарды алмауға үндейміз. Себебі оның астарында алаяқтық бар деп санаймыз», - деп атап көрсетті Е.Бутин.

«Астана» ХҚО отандық криптоайлаққа айналады

Қазақстанда электронды ақша айналымын дамыту мәселесі әлі бірде-бір құжатта көрініс таппады. «Цифрлық Қазақстанның» соңғы нұсқасында криптовалютаға қатысты ештеңе айтылмады. Президент қол қойған Салық кодексінде де электронды ақша жайында жазылған жоқ. Дегенмен, отандық криптовалюталарды дамыту мәселесі «Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы арнайы заңнамаға енгізілетін тәрізді. Аталған құжаттың бөлек конституциялық мәртебесі бар екенін атап өткен жөн.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, ЭКСПО аймағында құрылатын биржада криптовалюталар сияқты жаңа қаржы теxнологияларын дамыту жоспарланып отыр. «Былайша айтқанда, қазіргі ЭКСПО аймағы болашақта криптоаймаққа, «криптоайлаққа» айналады деген сенім бар. Өйткені әлем бойынша криптовалюталарға деген қызығушылық жоғары болып тұр. Шыны керек, бүгінде бір банктер осы санаттағы валюталарды белсенді енгізіп жатса, енді біреулер оған асықпай отыр. Мысалы, АҚШ пен Сингапур криптовалюталар нарығын күнделікті нарыққа теңестіруді көздейді. Швейцария осы бағытты қатты қолдап келеді. Жапония да кейбір криптовалюталарды қолдайды», - дейді Қ.Келімбетов. Орталық басшысының айтуынша, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын заман талабына сай жүргізуді көздейді. Сол себепті күнделікті инвестициялармен қатар жаңа қаржы теxнологияларға да баса назар аударылады.

Жақында Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығының төрағасы Есет Бутин аталған бастмаға қатысты тағы бір жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, отандық криптоаймақты дамытуға Оңтүстік Кореяның мамандары көмектеседі. «Негізі, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы аясында блокчейн мен криптовалюталарды дамытуға қатысты үлкен бастамалар қоға алынады. Мәселен, 18 қаңтарда біздің Оңтүстік Кореядағы әріптестеріміз келеді. Олармен бірге біз Халықаралық қаржы орталығымен келіссөздерімізді жалғастыратын боламыз. Ағымдағы жылы көктемде кореялық әріптестермен бірлесе отырып, қаржы орталығы негізінде арнайы тәжірибе аймағын ашамыз деп ойлаймыз. Сол жерде блокчейн мен криптовалюталарға қатысты барлық тың бастамалар іске асатын болады», - дейді Е.Бутин.

Жалпы, бүгінде отандық заңнамада криптовалютаға қатысты нақты нормалар болмағаннан кейін электронды ақша саудасына шектеу қою мүмкін емес. Былайша айтқанда, бықылау болмаған жерде жауапкершілік те жоқ. Сондықтан қазақстандықтар шетелдің нарықтарына шығып, криптовалюталарды емін-еркін саудалап жүр. Әрине, Беларусь пен Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда электронды ақшамен айналысатындардың саны көп емес. Дегенмен, қазақстандықтардың осы салаға деген қызығушылығы күн сайын артып келеді. 

Соңғы жаңалықтар