Қазақстанға ДСҰ мөлшерлемесі бойынша импорттық тауарлар жеткізген кәсіпкерлер электронды шот-фактура қолдануға міндетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда елімізге кедендік салығы Дүниежүзілік сауда ұйымының төмендетілген мөлшерлемесі бойынша төленіп, жеткізілген импорттық тауарлардың айналымы қатаң бақылауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бақылауды күшейту мақсатында аталған департаменттің экономикалық зерттеу, кеден және салық бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен мобильді топ құрылды.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстанның ДСҰ құрамына енуіне байланысты, биылғы жылдың басынан бастап, елімізде кедендік әкелім баж салығы 10,4 пайыздан 6,5 пайызға дейін төмендетілген болатын.
Бірақ, ДСҰ талабы бойынша Қазақстанға кедендік салығы осы ұйымның төмендетілген мөлшерлемесі бойынша төленіп, жеткізілген импорттық тауарларды Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше басқа елдерге қайта экспорттауға қатаң түрде тыйым салынған. Егер, кәсіпкерлер бұл талапты орындамайтын болса, олар әкімшілік жауапқа тартылады. Алайда, сырттан әкелінген тауарларды бәрібір одан әрі ЕЭО елдеріне экспорттау көзделген болса, онда сол тауарлар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедентік тарифы бойынша бөлек кедендік салық төленеді. Ал оның мөлшері ДСҰ мөлшерлемесінен әлдеқайда жоғары.

Сонымен қатар, Қазақстанға ДСҰ мөлшерлемесі бойынша импорттық тауарлар жеткізген кәсіпкерлер электронды шот-фактура қолдануға міндетті.

Салық қызметкерлерінің айтуынша, бұл шара жалған кәсіпкерлікке тосқауыл қоюға септігін тигізеді.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің айтуынша, 2016 жылдың 28-ші қаңтарына қарай, 41 салық төлеуші Алматыға кедендік әкелім салығы ДСҰ төмендетілген мөлшерлемесі бойынша төленген және кедендік бағасы 3,5 млрд. теңге болатын, жалпы салмағы 1,4 млн. келі тауарлар алып келген. Қазір мобильді топ қызметкерлері 11 салық төлеуші бойынша хронометражды тексеру шарасын жүргізіп жатыр, яғни бұл жерде тауарлардың ақырғы сатып алушыға дейін жеткізілгені тексеріледі.

Осыған байланысты, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті шет елден тауар тасымалдаушыларға ДСҰ талаптарын мұқият орындауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар