Қазақстанға АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Кореядан БАҚ өкілдері шақырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан туризм дестинация ретінде танымал бағытқа айналуда. Бұны ірі шетелдік БАҚ-тың Қазақстанды өз басылымдарында атап өтуі және еліміздің туризм саласындағы түрлі халықаралық премияларға ие болуы айқындайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осындай жетістіктер шетелдік БАҚ, саяхатшы-блогерлер, MICE-іс-шараларды ұйымдастырушылар және туризм индустриясының басқа да өкілдерін елімізге шақыру арқасында да мүмкін болды.

Өз кезегінде, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы дәстүрлі түрде ақпараттық турлар өткізеді. Мысалы, сәуір айында BBC, TripReporter, Тhe Week, National Geographic Traveller, Lonely Planet, Suitcase, Wanderlust және т.б. ірі басылымдарға жазатын британдық БАҚ үшін ақпараттық тур өтті.

Жақында «Моя планета» телеарнасының түсірілім тобының Қазақстанда алғаш рет түсіріліп жатқан «Вне зоны доступа» бағдарламасы сапары аяқталды. Түсірілім Алматы қаласы мен Алматы облысында 19-25 мамыр аралығында өтті.

Сондай-ақ, бұл күндері Ақтауда британдық БАҚ тобы мен бір туроператор жүрді. Олар - Rooster, BuzzFeed, i paper, Family Traveller өкілдері. Ақпараттық тур 27 мамырға дейін жалғасты.

Гольф туризмі бойынша 1-6 маусым аралығында Кореядан туроператорлар, БАҚ өкілдері мен блогерлердің келуі жоспарлануда. Онда қатысушылар Қазақстанда туризмнің осы түрін дамыту әлеуетімен танысады. Баспасөз турының қорытындысы бойынша Кореяның жетекші туроператорларынан арнайы турлар әзірленеді деп күтілуде.

Сол күндері 3-4 маусым аралығында Жапониядан Астана мен Ақтау қалаларына Tatsumi баспасының жазушысы келеді деп күтілуде. Azusa Shiraishi өзі атап өткендей: жапон тілінде Орталық Азияны сипаттайтын бірнеше ғана саяхат күнделіктері бар және Жапонияның көптеген тұрғындары бұл аймақ туралы жеткілікті білмейді. Сапар қорытындысы бойынша жапон тілінде 4000 дана көлемінде фотосуреттері мен Қазақстан туралы сипаттамасы бар Орталық Азия туралы саяхат күнделігі шығарылады.

11-15 маусым аралығында Қазақстанға Ұлыбритания, Австрия, Бельгия, Израиль, Словения және Үндістанның MICE іс-шараларының ұйымдастырушылары мен БАҚ өкілдері келеді. Ақпараттық тур барысында жергілікті мәдениетпен және Астана мен Алматы қалаларының көрікті жерлерімен таныстырумен қатар, Қазақстанның туристік саласының өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда.

Ал 15-21 маусым аралығында 8 адамнан тұратын Society of American Travel Writers делегацияларының келуі жоспарлануда. SATW - ең тәжірибелі журналистер, фотографтар, редакторлар, блогерлерден, бейне мен фильм, хабар тарату продюсерлері, веб-сайт иелері, қоғаммен байланыс мамандарынан тұратын АҚШ, Канада және басқа елдердің қонақжайлылық индустриясы туралы хабарлайтын кәсіби ұйым. Бұл ұйым 1955 жылы құрылып, 1000-нан астам өкілдерін қамтиды.

Осы инфотурдың қорытындысы бойынша америкалық аудитория үшін Қазақстан туралы дәстүр мен мәдениет, өнер, сәулет, ұлттық тағамдар және т.б. туралы буклет әзірленетін болады.

Атап айтсақ бұл турлар қатысушылардың құрамына байланысты әртүрлі міндеттерді көздейді, бірақ олардың барлығын ортақ – елге кіріс туризмін ілгерілету мақсаты біріктіреді.


Соңғы жаңалықтар