Қазақстанға АҚШ-тан 14 жылда 40 млрд доллар инвестиция тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты Қазақстан-АҚШ бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды шара Астана экономикалық форумы алдында ұйымдастырылып отыр. Оған Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, сондай-ақ америкалық кәсіпкерлер қатысты.

Әлемдегі тұрақсыз ахуалға қарамастан америкалық компаниялар Қазақстан нарығына бұрынғыдан да жіті назар аудара бастаған. Соңғы жылдары отандық нарыққа «Primus Power», «Spancrete», «Uber», «McDonalds» секілді ірі компаниялар енгенін атап өту керек. Бұл туралы форум барысында Бейбіт Атамқұлов та атап өтті.

«Еліміздің жаңа басшылығы саяси және экономикалық бағдарды жалғастыруға, Қазақстанның стратегиялық тұрғыда ынтымақтас елдерімен серіктестікті күшейту шараларын іске асыруға ниеттеніп отыр. АҚШ - Қазақстанның басты серіктестерінің бірі. 2018 жылдың 16 қаңтарында «Ақ үйде» біздің елдің басшылары кездесіп, «ХХІ ғасырда Қазақстан мен АҚШ арасында стратегиялық ынтымақтастықтың аясын кеңейту туралы» бірлескен мәлімдемені қабылдаған болатын. Сол құжат бойынша қос тарап өзара инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты барынша нығайтуға міндеттелген», - деді форум барысында Бейбіт Атамқұлов.

Форум барысында айтылғандай, 2018 жылы АҚШ-тан тартылған тікелей инвестиция 5,3 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 44,7 пайызға көп. Жалпы, 2005 жылдан бері АҚШ-тан Қазақстанға 40 млрд АҚШ долларының тікелей инвестициясы тартылған.

Қазіргі таңда Қазақстанда америкалық капиталы бар 524 компания бар. Олардың 141-і бірлесе ашылған. 41 компания тауар өндірсе, 37 компания өз өнімдерін басқа елдерде экспорттауда.

Соңғы жаңалықтар