Қазақстанға 2 келі героин алып өтпек болған Тәжікстан азаматы ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атамекен» кеден бекетінде Өзбекстаннан Қазақстан территориясына 2 келіге жуық героин алып өтпек болған тәжік азамат ұсталды. Автокөліктің жанармай ыдысындағы ақ түсті ұнтағы бар екі ораманы кеден бекетінің қызметкерлі мен қызметтік иті бар шекара наряды анықтады, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

«29 маусым күні «Атамекен» кеден бекетінде Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына бет алған 1967 жылғы Тәжікстан азаматы жүргізіп келе жатқан ақ түсті «Nexia» маркалы жеңіл автокөлік шекаралық және кедендік бақылау жүргізу үшін тексеріп қарау алаңына орналастырылады. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, Ламар атты қызметтік ит «Nexia» маркалы жеңіл автокөліктің жанармай ыдысы орналасқан тұсынан иіс сезіп, белгі берді» делінген хабарламада.

Мәліметке сай, бірлескен тексеру тобы май құю багінің тұсынан қосымша жалғанған ыдысқа ұқсас темір контейнер қорапты байқайды. Қораптың ішінде скотчталған күдік туғызатын, шамамен салмағы 2 кг екі орама табылады. Көлік жүргізушісі орамада ақ түсті ұнтақ «героин» екенін, Тәжікстан Республикасынан Шымкент қаласына жеткізу үшін тасымалға ақы алғанын айтты.

Қазіргі таңда анықталған жағдай бойынша барлық материалдар Мақтаарал аудандық Ішкі істер басқармасына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар