Қазақстанға 15-тен астам ел гуманитарлық көмек көрсетті - Ержан Ашықбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанға әлемнің 15-тен астам елі коронавируспен күрес үшін гуманитарлық жүк жіберді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыртқы істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, індет тараған кезден бастап сыртқы халықаралық әріптестерімізден тиісті қайырымдылық көмекті елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыс өте ауқымды. Әрине, осы орайда ең алдымен әріптестеріміз - ҚХР, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Катар, Өзбекстан және көптеген басқа да елдерге, ДСҰ сияқты халықаралық ұйымдарға, компанияларға, шетелдік қайырымдылық қорларына, жекелеген азаматтарға елімізге жасаған қайырымдылық көмектері үшін шынайы ризашылығымызды жеткізгім келеді», - деген Ержан Ашықбаев елімізге гуманитарлық көмек көрсеткен 15-тен астам мемлекет бар екендігін нақтылай түсті.

Осы ретте ҚР СІМ орынбасары гуманитарлық көмекке байланысты бірнеше факторларға ерекше тоқталып өтті.

«Біріншіден, індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмысымызды, яғни, дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті медициналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүниежүзіндегі үлкен бәсекелестік жағдайында іске асырып жатырмыз. Сондықтан мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, ең алдымен ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр. Бірақ, ең үлкен жауапкершілігі жүгі Денсаулық сақтау министрлігіне, денсаулық сақтау жүйесіндегі әріптестерімізге түсіп отырғаны анық», - деді ол.

Оның дерегінше, елімізге гуманитарлық жүк ретінде 5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, 98 өкпені жасанды желдету аппараты, 260 мың тест жүйесі, 3000 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді.


Соңғы жаңалықтар