Қазақстандықтарға үйдегі интернет операторын таңдауға мүмкіндік беріледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлерде бір ғана интернет операторы қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта тұрғындардың мобильді операторды таңдау мүмкіндігі болады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Гүлнара Бөкеева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй кешенін салған кезде оның иесімен қандай мобильді оператор болатыны туралы келісім жасалады. Яғни тұрғындар үшін 1 мобильді оператор таңдалады. Бұл жерде тұрғын үй салған жауапты компаниямен қатар, тұрғындардың да пікірі ескеріледі. Қазіргі уақытта жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Оған сәйкес тұрғындарға мобильді операторды таңдау мүмкіндігі қарастырылып, интернетке қол жеткізуде тең мүмкіндік берілмек», - деді «AMANAT» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, аталған заң жобасы байланыс нарығын монополиясыздандыруға бағытталған.

«Заңда тұрғын үй немесе ғимарат салған кезде байланыспен қамтамасыз ету міндеті қатар қойылады. Бүгінде біздің нарықта тек негізінен ірі мобильді операторлар жұмыс істеп жатыр. Шағын операторлардың қатыса алмауы бірқатар құқықтық шектеулер бар. Сонымен қатар біздің елімізде шағын мобильді операторлар жоқтың қасы. Айталық, олар шалғай ауылдарға бармайды. Өйткені абоненттердің саны өте аз, коммерциялық тұрғыдан тиімсіз. Ал біздің қойып отырған міндет – нарық бәсекесіне төтеп беретін, сапа үшін күресетін және шалғай елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ететін шағын байланыс операторларының көптеп пайда болуы», - деп толықтырды депутат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай ендігі уақытта қазақстандықтар жеке куәліктің электрондық нұсқасын қолдана алады.


Соңғы жаңалықтар