Қазақстандықтарға шағын литражды көліктерге ауысу ұсынылып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Латвиядан келген WECOOP жобалау топтамасының жетекшісі Валтс Вилнитис шағын литражды көліктерге ауысудың артықшылықтарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шағын литражды автокөліктерге көшу, әлбетте, ауаның тазаруына айтарлықтай әсер етеді. Сонымен бірге, адамдардың көлік мінуге келгенде таным-түсінігін өзгертуге тырысу керек. Яғни, қоршаған ортаның қамы үшін азаматтарға шағын литражды авто сатып алудың артықшылықтарын түсіндірген жөн», - деді Валтс Вилнитис елордада қоршаған ортаны қорғау мен ауа сапасын басқаруға арналған жиында.

Оның айтуныша, көлік таңдауға келгенде Еуропада салық салу әдістемесі арқылы мәселе біршама шешілген.

«Кәрі құрлықтың бірқатар елінде автокөліктерге салынатын салықтың мөлшері тым жоғары. Оның үстіне, салық мөлшері қозғалтқыштың көлемі мен ауа шығарылатын зиянды заттарға байланысты болады. Неліктен Еуропада шағын литражды көліктер сұранысқа ие деп ойлайсыздар? Біріншіден, ол көліктер үшін жанар-жағармай арзан, акциз төмен. Екіншіден, ол жақтағы жолдардың сапасы осы шағын көліктермен жүруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ол жақта автокөлік тұрағының ақысы тым жоғары. Сол себепті ірі габаритті көлікпен қиналғанша, шағын көлікпен тұраққа орналасу оңайырақ», - дейді WECOOP жобалау топтамасының жетекшісі.

Валтс Вилнитис аталмыш мәселеге келгенде Балтық елдерінде жағдай басқа екенін алға тартады.

«Біздің елде де (Латвия) азаматтар ірі көліктермен жүреді. Себебі, бізде жолдардың жартысы топырақты әрі асфальт та мінсіз емес. Сонымен бірге, Латвияда бензин бағасы Қазақстанға қарағанда жоғары. Десе де, бензин бағасы жиі ауысып тұрады», - дейді ол.

Айта кетсек, елордада Қазақстан министрліктері мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың өкілдері Еуропалық Одақтың тәжірибесімен танысып, ауа сапасын басқару негіздері бойынша білім-біліктерін шыңдап жатыр. Оқыту Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен және Қазақстанға ауа сапасын басқару, оған талдау жүргізу жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар