Қазақстандықтарға мүгедектікті белгілеу автоматтандырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтарға мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды рәсімдеу автоматтандырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 ақпанда ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы барысында мүгедектігі бар адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды рәсімдеу, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алу үшін түрлі мемлекеттік мекемелерге баруға тура келеді. Алдымен азаматтар медициналық комиссиядан өту үшін медициналық мекемелерге жүгінеді. Содан кейін мүгедектігін анықтау үшін қағаз құжаттарымен медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барады. Мұнан кейін жәрдемақы автоматты түрде мемлекеттік корпорацияға жіберіледі. Ал әлеуметтік қызметтер, техникалық оңалту құралдарын тағайындау және алу үшін жергілікті атқарушы органдардың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне баруына тура келеді», – деді Ербол Оспанов орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол бірнеше мекеме арасында жүруді жою, қағазбастылықты, сондай-ақ қызмет беруші мен қызмет алушының арасында байланысты болдырмау үшін жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Біз процестерді цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде біз мүгедектікті сырттай белгілеу туралы айтып отырмыз – өтініш беруші тек медициналық мекемелерге жүгінеді. қалған процестер адамның қатысуынсыз ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы өтеді: жәрдемақылар, әлеуметтік қызметтер және техникалық оңалту құралдары автоматты түрде тағайындалады. Қазірдің өзінде барлық қажетті ақпараттық жүйелердің интеграциясы жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияны аяқтау ғана қалды, бұл жақын арада жасалатын болады», – деді ол.


Соңғы жаңалықтар