Қазақстандықтарға Кореядан аударылатын қаржы екі есеге өскен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Басқа елдерден гөрі қазақстандықтарға белсенді түрде Ресейден, Оңтүстік Корея мен Қырғызстаннан көптеп ақша аударылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz сілтеме жасап.

Хабарланып отырғанындай, ақша аударымы жүйесі арқылы жеке тұлғалардың Қазақстанға ақша аударуының мөлшері - осы жылдың қаңтар-тамыз айларында 220,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2 пайызға артық. Ақша көлемінің артып келе жатқанына қарамастан, өсім қарқыны осымен екінші жыл төмендеп келеді. Бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңде өсім 18,8 пайыздық көрсеткіш болса, одан бұрынғы өсім былтырғыдан 2,4 есе көп болған.

Ақша аударымы жүргізілген мемлекеттердің ішінде  Ресей көш бастап тұр. Ол елден қаңтар-тамыз айларында 111,8 млрд теңге аударылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларынан қарағанда 0,5 пайызға аз. Аударылған барлық ақшаның ішінде ресейлік үлес 58,7 пайыздан 50,7 пайызға төмендеген.

Одан кейінгі орында - Оңтүстік Корея. Ол елден қазақстандықтарға 33,6 млрд теңге аударылған. Өсім - 2,3 есеге артып отыр. Аталмыш елден жіберілген қаражат 7,6 пайыздан 15,2 пайызға жоғарлаған.

Көшбасшылардың үштігін Қырғыз Республикасы түйіндейді. Ол елден қазақстандықтарға 18,4 млрд теңге аударылыпты. Бір жылдың ішінде өсім 67,8 пайызды көрсетіп, шетелден аударылған барлық қаражаттың ішіндегі «қырғыз үлесі» 5,7 пайыздан 8,4 пайызға өскен.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргендер Қазақстанға еш кедергісіз орала алатынын бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлім еткен еді. Оның айтуынша, Корея Республикасының Үкіметі 2018 жылғы 1 қазаннан 2019 жылғы 31 наурызға дейін Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына «жасыл дәліз» режімін енгізгенін жариялаған. Осы шара аясында қазіргі кезде аталған елдің аумағында отыз күннен көп жүрген, сондай-ақ визасы немесе жұмыс істеуге рұқсаты жоқ шетелдіктер 6 ай мерзім ішінде өз елдеріне еш кедергісіз оралуына болады. Бұл жағдайда оларға ешқандай айыппұл шаралары қолданылмайды және болашақта Оңтүстік Кореяға қайта баруына шектеу қойылмайды. 

Соңғы жаңалықтар