Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 12,8 трлн теңгеге жетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ 2021 жылдың 1 тамыздағы негізгі көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,8 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Сома 759 миллиардтан аса теңгеге немесе 6% өсті.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша қалыптасты, оның мөлшері 12,5 трлн теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 335,7 млрд теңге, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,6 млрд теңгеге жетті.

1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да 11,6 млн жеке зейнетақы шоты бар. Шоттың ең көбі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды, олардың саны – 10,9 млн. Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар – 529 мың, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 49,6 мың.

2021 жылдың жеті айында ЖЗШ-ға түскен жарналар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 23% асып, шамамен 741 млрд теңгеге жетті. Басым бөлігін – 708,7 млрд теңге немесе 95,7% - МЗЖ бойынша аударымдар құрайды.

БЖЗҚ төлемдері жыл басынан бері 1,8 трлн теңгеден асты. Жалпы соманың шамамен 1,7 трлн теңгесі біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түрінде тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін төленді. Бұл ретте тұрғын үй жағдайын жақсартуға орташа төлем 4,4 млн теңгені, емделуге орташа төлем - 0,9 млн теңгені құрады.

Зейнет жасына толу бойынша төлемдер 54,7 млрд теңгеден асты. Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнеткерлік жасқа толуына байланысты) 28,6 мың теңгені құрады, жасына байланысты ай сайынғы ең жоғары төлем 673,6 мың теңге.


Соңғы жаңалықтар