Қазақстандықтардың Үндістанға ұшып жету уақыты 3 сағатқа ұзарған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті «Эйр Астана» әуе компаниясымен бірге Үндістанға ұшу сапарларын тоқтатуға жол бермеу бойынша барлық шараларды қарастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі комитеттің Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта туындаған мәселелерді шешу үшін аймақ елдерінің авиациялық билігі барлық шараларды жүргізіп жатыр. Оңтайлы шешімге қол жеткізілген жағдайда әуе компаниясының рейстері қайтадан орындала бастайды», - делінген комитеттің хабарламасында.

Бұған дейін хабарланғандай, аймақтағы қауіпсіздікке қатысты жағдайдың эскалациясына байланысты Үндістан мен Пәкістан халықаралық рейстер бойынша әуе бағдарларын жапқан болатын.

«Осыдан кейін «Эйр Астана» Үндістанға Маскат (Оман) қаласына тоқтау арқылы немесе алыс магистральді ұшақты қолдану жолымен 49 рейс орындады. Бұл өзгерістер ұшу уақытын біршама ұзартқан болатын. Бұған қоса жанар-жағармай көп жағылғанымен, әуе компаниясы билет бағасын көтеру арқылы шығынды жауып отырған жоқ. Пәкістанды айналып өту арқылы Үндістанға ұшып барудың салдары жол сапарын 4 сағаттан 7 сағатқа ұзартып отыр. Осының салдарынан бір жағынан жолаушыларға жол тиімсіз болса, екінші жағынан әуе компаниясы да артық шығынға тап болуда», - делінген компанияның хабарламасында.

Еске сала кетсек, осыдан 2 ай бұрын Пәкістан Республикасы әуе кеңістігінің бүкіл халықаралық әуе бағыттарына жабықтығына байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясының Дели - Алматы бағытындағы 27 ақпанға жоспарланған рейсі кейінге қалдырылған болатын. ҚР СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар