Қазақстандықтардың табысына қатысты жалған ақпарат бергендер жазалануы тиіс - Алмасбек Шағырбай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі туралы жалған ақпарат бергендер жазалануы тиіс. Бұл туралы Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 8 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында жауапты мемлекеттік органдар, министрліктер мен облыс, қала әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, түйткілді мәселелерді шешу жолдары тапсырылды. Мемлекет басшысы аталған жиында жыл басында орын алған оқиғалар ұлттық қауіпсіздігімізге зор қатер төндіргенін баса айтты. «Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті де тұтастығын сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Біз жұрттың бизнеспен айналысуына тең мүмкіндік береміз. Қоғамымызда белең алған сыбайлас жемқорлықпен, экономикадағы әсіресе байлар үстемдігінің салдарымен күресеміз. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз» деп барша қазақстандықтарды қоғам тұрақтылығын сақтауға шақырды», - деді ол.

Орталық директоры аталған Үкіметтің отырысында Президент тарапынан Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, табыстарын арттыру, қаржы нарығы, экономикалық даму жолдары, қоғамның осал топтарын тұрмыстық баспанамен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылықты дамыту механизмдері мен заңнамалық шешімдері бойынша нақты тапсырмалар берілгендігіне назар аудартады.

«Осы орайда 2017-2020 жылдары Үкіметтің қолдауымен мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында түрлі сала мамандарына бастапқы жарнасыз баспана кілті табысталғанын білеміз. Баспана кезегінде тұрған жастар көп. Осы мәселелерді ескере отырып «Нұрлы жер» секілді бағдарламаларды көбейту қажет. «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық» деген мәліметте айтылды. Соңғы 10 жылда берілген жалған ақпараттар зерттеліп, оларды берген әкімдер жазалануы тиіс. Олай болмаған жағжайда, бұл фактілердің қайталанбауына кім кепіл? «Жаңа Қазақстанды» ескі кадрлармен құру да халық арасында күдік тудырады», - деді Алмасбек Шағырбай.

Ол дінтанушы ретінде Президент айтқан жастар арасындағы жағымпаздық, адал еңбек жасамау мәселелері ислам дінінің шариғаты тұрғысынан да мақұлданбайтын әрекет болып саналатындығын айтады.

«Қазіргі таңда, жастарды қоғамдық тыныштық пен келісімді бұзуға итермелейтін факторлардың қатарында теріс пиғылды ағымдардың рөлі бар екені анық. Жастар саясаты мәселелерінде бірқатар олқылықтар бар. Әсіресе ауыл мен қала жастарының ара қашықтығы өте үлкен. Ауылдағы жастардың білім, ғылым, кәсіп, өнер, спорт және басқа да салаларда жетістіктерге жетуге әлеуметтік инфрақұрылым, ақпараттық ресурстардың тапшы екендігі анық. Осындай ішкі факторлардың нәтижесінде «Қаңтар оқиғасына» қатысушылардың қатарына әлеуметтік жағдайлары, қаржылық мүмкіндіктері жоғары болмаған кейбір жастарымыз арбаушылар мен арандатушылардың үгіт-насихатына қосылған деген пікір орын алуда», - деді ол.

Алмасбек Шағырбайдың атап өтуінше, Қазақстанда жүргізілген түрлі зерттеулерде және 2021 жылғы «Халық санағы» қорытындысы бойынша халықтың орта жасы 30 жас екендігі жазылған. Осыған орай, жастар саясатын қолдау бағдарламаларын осы санаттағы қоғамдық топтарына қолдау көрсету, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартудың тиімді әдістерін жүзеге асыру қажеттігі маңызды.

«Бірақатар ұсыныстарды келесі бағыттарда ұсынамыз: жастар арасындағы діни ахуалға назар аударуды күшейту, мешітке келуші жамағаттардың діни көзқарастарына талдау жүргізу, теріс пиғылды ағымдардың ұстанымдарын анықтап, ҚМДБ жанындағы ресми пікірлері арқылы түсіндіруді жалғастыру; интернет кеңістігіндегі діни экстремизм мен заңға қайшы контенттерге мониторинг жүргізу, тиісті түсіндіру шараларын қолдану, техникалық бұғаттауды іске асыру. Сөзімді қорытындай келе, еліміздің өсіп өркендеуіне, қоғам дамуына, елдің бірлігіне, қоғам тыныштығының басты факторы ол – қоғамның тұрақтылығы. Қоғам тұрақтылығына бәріміз өз үлесімізді қосып келеміз және ол жалғасын табатынына сенімдімін», - Дінтану орталығының директоры.


Соңғы жаңалықтар