Қазақстандықтардың Оңтүстік полюстегі алғашқы шаңғы экспедициясы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Антарктиданың Юнион-Глетчер базасында жер шарының Оңтүстік полюсіндегі алғашқы қазақстандық шаңғы экспедициясы басталды. Бұл туралы «Қазақ географиялық қоғамы» ҚБ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандық шаңғышылар Юрий Юшин, Ільяс Ғалымбеков пен зерттеуші-медицина маманы Дәулет Шарипов межені бағындырмас бұрын, шаңғымен 217 шақырымды жүріп өтеді. Топты қазақстандық шыңға өрмелеуші және саяхатшы Мағжан Сағымбаев басқарады. Осылайша, Қазақстанның Тәуелсіздік күні мемлекеттік туымыз Антарктиданың ең биік нүктесі- Винсон шыңына (4892 м) тігілгесін, Қазақ географиялық қоғамы «Тәуелсіздік Полюсі» ғылыми зерттеу экспедициясының екінші кезеңіне - Оңтүстік полюске шаңғымен баруға бел буды. Бастау нүктесіне дейін ұшақпен 6 сағат жол жүріп, Антарктиканың ең биік шоқысы - Мұз полярлық қақпағынан ұшып өтті.



Экспедиция мүшелері межеге дейін ауа-райы қолайлы болса, 10 күнде барамыз деп отыр. Қатысушылар өздерімен бірге барлық керекті жабдықтарын алып келді. Олар күн сайын 20 шақырым жол жүруді жоспарлауда. Шаңғышылардың іс-әрекеттерін www.kazgeo.kz сайтында тікелей онлайн көрсетілім арқылы бақылауға болады.



«Бізге Оңтүстік полюсте ауа-райының жақсарғаны туралы хабарлама келіп түсті. 10:30-да барлық құрал-жабдықтарымызды жинап, ұшаққа отырдық. Алайда, техникалық мәселелерге орай ұшуды жарты сағатқа шегердік. Барлығы дұрысталғасын ұштық. 2 сағат 15 минуттан соң ұшаққа жанармай құю үшін тоқтап, 88 градуста сапарымызды жалғастырдық. Ұшақтан түскесін, аппақ қар мен мәңгілік күнге кезіктік. Қазірге дейін 7,6 шақырым жол жүрдік. Маршрут кезінде жел болды, бірақ ауа-райы ойдағыдай», - деп хабарлады экспедиция тобының жетекшісі, Астана қаласындағы QazaqGeography өңірлік өкілдігінің басшысы Мағжан Сағымбаев.



Бұл ҚазГеоның үшінші полярлық экспедициясы. Алғашқы экспедиция 2011 жылы маршрутты ең жылдам уақытта аяқтағаны үшін Гиннес рекордтар кітабына енді. Аталмыш антарктикалық бағдарламаның арқасында 1959 жылғы Антарктика келісіміне Қазақстан шақырылды.
«Тәуелсіздік Полюсі» эспедициясын өткізу мерекелік күндерге тұспа-тұс келді. Мысалы, Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбековтың Винсон шыңын бағындыруы осы шыңға алғаш өрмелеуге 50 жыл толуына сәйкес келді. «Тәуелсіздік Полюсі» эспедициясының аяқталуы 2016 жылдың 13 қаңтарына - орыс саяхатшылары Михаил Лазарев пен Фадей Беллинсгаузеннің Антарктиданы ашқандарына 196 жыл толуына тұспа-тұс келмекші.

«Тәуелсіздік Полюсі» эспедициясы «Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (QazaqGeography) қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығы аясында өткізілуде.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жобаның бас серіктесі болса, сондай-ақ Назарбаев Университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Д.С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ серіктестік етуде. Ғылыми-зерттеу экспедициясының ұйымдастырушысы - Қазақ географиялық қоғамы.

 

Соңғы жаңалықтар