Қазақстандықтардың несиесін жабуға мемлекет қанша қаражат жұмсайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік осал топтағы қазақстандықтардың несиесін өтеп беруге мемлекет қанша қаражат жұмсайды? Бұл сұраққа Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған санаттағы азаматтардың несие бойынша борышын өтеу үшін 105 млрд теңге қажет. Оның 88 млрд теңгесін республикалық бюджеттен тартамыз. Бюджетті пысықтау аясында алдағы аптада нақты сомалар аталады. 17 млрд теңгені Проблемалық кредиттер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартпақпыз. Сонымен қатар, өсім мен айыппұлдар бойынша несиелік борыштардың 70 пайызы қаржылық мекемелердің есебінен жүргізілетінін ескеру керек», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар - көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Соңғы жаңалықтар