Қазақстандықтардың құқығын шетелде қорғау мүмкіндігі артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан азаматтарының шетелде жеке отбасылық және іскерлік мүдделерін құқықтық қорғауды жетілдіру бойынша Елбасының тапсырмасын іске асыру аясында Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының жұмысына қатысу ұсынылып отыр. Бүгінде бұл ұйымға 81 мемлекет және Еуропалық одақ кіреді. Аталған халықаралық ұйымның мақсаты - халықаралық жеке құқық нормаларын біріздендіру, осы саладағы мемлекеттердің ынтымақтастығына жәрдем көрсету»,-деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасы бойынша баяндамасында.

Оның сөзіне қарағанда, Гаага конференциясының аясында 39 конвенция жасалған. Олар азаматтық іс жүргізу аясында құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Қазақстанның Гаага конференциясындағы халықаралық заң шығарушылық жұмысына тікелей қатысуы шетелде біздің азаматтардың құқықтарының неғұрлым тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді.

«Ұйымға мүшелік Гаага конференциясының саясатын белгілейтін екі кеңестің жұмысына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Жалпы істер және саясат бойынша кеңес пен Дипломатиялық өкілдер кеңесі қамтылып отыр. Кеңес мүшелерінің шешімдері консенсус негізінде қабылданады, яғни барлық қатысушы мемлекеттер ұстанымын есепке алуға мүмкіндік беріледі. Бұл біздің мемлекет үшін жаңа халықаралық шарттарды жасасуға, ұйымның басқа мүшелерінің жеке азаматтық құқық саласында ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық деңгейде өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді»,-деді министр.

Сөз соңында ол Гаага конференциясының Жарғысында Қазақстан Конституциясына қайшы келетін нормалар жоқ екенін, ұйымға қосылу жыл сайынғы мүшелік жарнаны (6850 еуро) төлеуді көздейтінін атап өтті. Бұл шығыстар ҚР Сыртқы істер министрлігінің тиісті бюджеттік бағдарламасында көзделген. 

Соңғы жаңалықтар