Қазақстандықтардың көбісі Меккеде қайтыс болған ата-анасын сол жерде жерлейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшіліктің мәліметі бойынша биылғы қажылық кезінде қазақстандықтардың ішінде адам өлімі тіркелген жоқ. Дегенмен, отандастарымыздың басым бөлігі қайтыс болған ата-аналарын сол жерде жерлегенді жөн көреді, xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үстіміздегі жылы 3 000 қазақстандық қажылыққа барды. Енді, ол жерге барғаннан кейін түрлі жағдайлар болып тұрады. Бір кісілердің денсаулығы нашарлайды. Біреулер адасып кетеді, екіншілер төлқұжатын жоғалтып алады. Оның барлығы бірден сол жерде шешіледі. Себебі біз полициямен тығыз жұмыс жасаймыз», - деп атап көрсетті  Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бақыт Батыршаев.

Оның айтуынша, жыл сайын қажылыққа баратын қазақстандықтардың ішінде 5-8 адам қайтыс болып жатады. Олардың дені - жасы келген кісілер. Дегенмен, биылғы қажылықта ондай жағдайлар болған жоқ. Қажылыққа барған қазақстандықтардың барлығы аман-есен елге оралды.

«Енді, адам қайтыс болған жағдайда оның туған-туысқандары «Меккеде жерлейміз» десе, сол жерде қалдыра алады. Елге алып келсе де болады. Бірақ осы уақытқа дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қажылықта қайтыс болған туыстарын қасиетті Меккеде жерлегенді жөн көрді. Шыны керек, бір қажылық маусымында көп адам қайтыс болады ғой. Үш миллионға жуық адам келеді. Әрине, жағдай көп. Сондықтан арнайы жерлер бар, бәрі тегін. Жерлеу рәсімдерін де Сауд Арабиясы өзі төлейді. Барлығы тегін», - деп атап көрсетті елші.

Соңғы жаңалықтар