Қазақстандықтардың дербес медициналық деректері қалай қорғалады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев азаматтардың дербес медициналық деректері қалай қорғалатынына тоқталды.

Вице-министр сөзінше, қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі бірігіп, дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр.

«Медициналық ақпараттық жүйелерді министрлік жүйелерімен интеграциялау барысында пациенттер туралы барлық деректер қорғалған тәртіпте жүргізіледі. Яғни, ешқандай ақпарат жоғалмайды не өзгермейді. Нәтижесінде медицина мекемелерінің түрлі ақпараттық жүйелерге тәуелділігі жойылады. Тиісінше медицина қызметкерлері тек бір ақпараттық жүйе арқылы ғана жұмыс істейді.

Бірінші кезеңде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Осы арқылы азаматтар өздерінің дербес медициналық деректеріне Egov порталы арқылы қол жеткізе алады. Бұл жұмыстарды атқару үшін қазір Цифрлық даму және иновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен ведомствоаралық өзара іс-әрекет шаралары басталды. Келесі кезеңде қазақстандықтардың электрондық денсаулық паспортын алуына, оны бақылап отыруға қол жеткізу бойынша нақты жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, енді азаматтар денсаулық паспорты туралы ақпараттарды Egov порталы немесе өзге де мобильді қосымшалар арқылы алу мүмкіндігіне ие болады», - деп министрліктің жоспарларымен бөлісті вице-министр.

Сонымен қатар Бейбіт Есенбаев саланы цифрландыру аясында денсаулық сақтау саласы «eHealth» жаңа электронды жүйесіне көшетінін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар