Қазақстандықтардың депозиттерінде 30 трлн теңге сақтаулы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылғы ақпанда жеке тұлғалардың депозиттері 30 трлн теңгеге жетті. Бұл жайында Ұлттық банктен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы теңгелік активтерді қорғау мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған халықтың теңгедегі салымдары бойынша шекті мөлшерлемелер көтерілді. Бұған дейін қор 2022 жылғы қаңтардан бастап кепілдіктің ең жоғары сомасын 20 млн теңгеге дейін арттырған болатын. 2022 жылғы ақпанда Қазақстан Ұлттық банкі Үкіметпен бірлесіп жеке тұлғалардың депозиттері бойынша бюджет қаражаты есебінен теңгемен өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын жариялады», - деп атап өтті Ұлттық банк баспасөз қызметінен агенттік тілшісінің сауалына орай.

Қабылданған іс-шаралар халықтың теңгедегі депозиттерінің қысқаруына жол бермеуге, екінші деңгейлі банктердің қорландыру базасын тұрақтандыруға, долларландыруды және айырбас бағамына қысымды төмендетуге мүмкіндік берді.

«Осылайша, депозиттерді долларландыру бір жыл ішінде 38,4 пайыздан (2022 жылдың ақпанынан бастап) 30 пайызға дейін төмендеді. Ал 2023 жылы ақпандағы депозиттер 30 трлн теңгеге жетті. Валюта нарығының тепе-теңдігін жақсартуға еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін ұстану да ықпал етті. Бағамның екіжақты құбылмалылығы нарық қағидаттарының одан әрі кеңеюін, валюталық сауданы нарықтандыруды айғақтайды. Тұтастай алғанда, теңгелік активтерге деген сенімнің артуына қарай халықтың мінез-құлық моделін тұтынушыдан жинақ моделіне ауыстыру ынталандырылады. Бұл инфляциялық қысымның төмендеуіне ықпал ететін болады», - деді Ұлттық банктен.


Соңғы жаңалықтар