Қазақстандықтардың айналымындағы кредит карталарының саны 1,5 есе артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстандықтардың айналымындағы кредит карталарының саны жыл ішінде 1,5 есе артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Қыркүйекте елімізде айналымда жүрген төлем карталарының саны 42,7 млн-ға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 41,8 пайызға көп. Жыл ішінде кредит карталары бірден 50,8 пайызға артып, 8,2 млн дана болды. Айналымдағы жалпы карталардың ішінде кредит карталарының үлесі қазіргі уақытта 19,2 пайызға жетті. Ал бір жыл бұрын олардың үлесі 18, 5 жыл бұрын 16,1, ал 2011 жылдың тамызында 10,8 пайыз болатын.

Кредит карталарының өзгеше нұсқаларының бірі бөліп төлеу картасы деп аталады. Мұндай карталар артық төлемсіз белгілі бір кезеңде, белгілі бір комиссиямен сатып алған тауардың құнын бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Елімізде қазіргі уақытта бөліп төлеу картасын 9 банк ұсынып отыр. Бұған қоса екінші деңгейлі 3 банк - Jýsan Bank, Сбербанк және Хоум Кредит банк қаржы институтының серіктестік желілеріне қарамастан әлемнің кез келген еліндегі сауда нүктесінде карталарымен сатып алған тауардың құнын бөліп төлеуге мүмкіндік ұсынады.

Jýsan Bank пен Сбербанк 3 айға «таза» бөліп төлеумен жұмыс істейді. Ал одан кейін комиссия алынады. Төлем мерзімі өтіп кеткен жағдайда Jýsan Bank бөліп төленетін сомаға байланысты айына 490-нан 4 990 теңгеге дейін комиссия алады. Ал Сбербанк комиссиясы бөлім төлеу мерзіміне, сатып алынған тауардың сомасына байланысты 7,5 пайыздан 30 пайызға дейін ауытқып отырады.

Хоум Кредит банкі бүкіл әлем бойынша 5 айға, серіктестік желілерінде 12 айға «таза» бөліп төлеуді ұсынады. Дегенмен, бөліп төлеу картасы қолданыста болған кезде оны пайдалану үшін ай сайын 499 теңге төлеу керек.

Jýsan Bank мұндай карталарға алғашқы 2 жыл тегін қызмет көрсетеді, одан кейін айына 50 теңге төленеді. Ал Сбербанкта тек бірінші жыл тегін. Екінші жылдан бастап айына 210 теңге төлеуге тура келеді.

Kaspi Bank 3 айға, ForteBank пен Kassa Nova банкі 4 айға өздерінің серіктестік желілерінен тауарды 3 айға бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Центр Кредит банк, Еуразиялық банк және Халық банк серіктестік желілерінде «таза» бөліп төлеуді ұсынады. Қалған желілерден сатып алынған тауар үшін комиссия төлеуге тура келеді. Центр Кредит банк, Еуразиялық банк және ForteBank карталарын олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін тегін пайдалануға болады.


Соңғы жаңалықтар