Қазақстандықтардың 81,2%-ы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандастарымыздың 81,2 пайызы өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанарлық баға берген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылғы қоғамдық мониторинг нәтижесі азаматтардың 81,2%-ы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанғанын көрсетті. БҰҰ-ның «Электронды үкімет» порталының даму деңгейі рейтингісінде Қазақстан 28-орында. Ал, ТМД кеңістігінде еліміз көш бастап тұр. Бұл жетістіктер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ілгерілетіп, заңнаманы жетілдірудің арқасында мүмкін болып отыр», - деді Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, агенттік Мемлекет басшысы тапсырмасын орындау мақсатында әкімшілік рәсімдерді бюрократиядан арылту, тұтынушыға бағдарланған және сервистік модельге көшу жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Бұған дейін Салауат Мүксімов мемлекеттік қызмет алуда айыппұлдың кедергі болмауы керектігін айтқан еді. Мәлімдеуінше, бүгінде мемлекеттік қызметтерді қиындық, кедергісіз рәсімдеу, яғни қызмет көрсетуден формалды түрде бас тартпау жағы қарастырылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар