Қазақстандықтарды өз тарихының қай кезеңі көбірек қызықтырады – зерттеу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаев қазақстандықтарды өз тарихының қай кезеңі көбірек қызықтыратыны жайлы зерттеу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандықтар өз тарихын қаншалықты біледі? Қандай тақырып қызығушылық туғызады? Тарихи оқиғаларға қатынасы қандай? Міне, осы сұрақтарға қатысты біздің институт сауалнама жүргізген болатын. Оның нәтижесінде қазақстандықтардың әрбір үшіншісі тарихи тақырыптарды үнемі бақылап отыратыны анықталды. Қазақстан тарихы халықтың 40 пайызын қызықтырады. Ең қызықты тарихи кезең ретінде Алтын орда, Қазақ хандығы және Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін айтады. Жалпы, «тарихи мәліметтерге қайдан қанық болдыңыздар?» деген сұраққа отандастарымыз біріншіден, мектептен, екіншіден жоғары оқу орындарынан, үшіншіден деректі фильмдер мен фильмдерден білетінін айтып, жауап берген», - деді Серік Бейсембаев.

Сарапшы ел ішінде «Алтын орданың тарихына көзқарасыңыз қалай?» деген сұрақ төңірегінде де сауалнама жүргізілгенін айтты.

«Халықтың басым бөлігі Алтын орда тарихына қатысты оң пікір білдірді. 50 пайызы Алтын орда кезеңіне оң көзқарас танытса, 20 пайыз бұл тақырыпқа бейтарап қараймын деді. Көріп отырғанымыздай, Алтын ордаға қатысты қоғамдық пікір – оң, түзу, қызығушылық өте жоғары», - деді ол.

Серік Бейсембаев ел ішінде Алтын орда туралы деректі фильм, көркем фильм түсіруге деген сұраныс барын атап өтті.

«Тарихты зерттеу – ұлттық идеология тұрғысынан өте маңызды. Себебі, адам өткен тарихын білу арқылы болашағын таниды. Ең бастысы, өз болашағына деген көзқарасын айқындай алады. Тарихпен сабақтастыра отырып, кез келген адам осы елдің иесі, ұлылардың ұрпағы екенін сезінеді», - деді сарапшы.

Еске сала кетсек, бүгін елордада «Алтын орда. Тарих пен тағылым» атты дөңгелек үстелі өтіп, Алтын орда тарихына қатысты татарстандық тарих ғылымының докторы, этнограф Дамир Искаков, Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев, тарих ғылымының докторы, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар