Қазақстандықтарды қажылыққа апаратын екі әуе компаниясы бекітілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитеті қажылыққа аттанушы қазақстандықтарды тасымалдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қажылыққа дайындық шеңберінде Қазақстан Республикасы делегациясының Сауд Арабиясы Корольдігінің авиациялық билік органдарымен (Азаматтық авиацияның бас басқармасы) кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қоғамдық келісім комиссиясының, ҚСА-дағы ҚР консулдықтары мен «SCAT әуе компаниясы» АҚ өкілдері Сауд Арабиясына қазақстандық қажыға барушыларды жеткізу мәселелерін талқылады.

«Биыл қажылық маусымы тамыз айына (шамамен 9-14 тамыз аралығы) тура келеді. Сауд Арабиясы тарапының талаптарына сәйкес, Жидда мен Мәдинаға рейстер 4 шілдеден 5 тамызға дейін орындалып, жолаушылар Сауд Арабиясынан 2019 жылдың 17 тамызынан 14 қыркүйегіне дейін ұшып кетуі тиіс», - делінген хабарламада.

Кездесу барысында Корольдіктің авиациялық билігі қазақстандық қажыларды тасымалдау жұмысын Flynas және Nesma әуе компаниялары орындайтынын хабарлады.

«Қазіргі уақытта SCAT әуе компаниясы осы жылдың көктемінен бастап Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында тікелей тұрақты рейстерді ашуды көздеп отыр. Осылайша, қазақстандық қажылықтар Сауд Арабиясына тек қана қажылық маусымында ғана емес, сондай-ақ жыл бойы умра жасай алады. Бұдан басқа, елдер арасындағы тікелей тұрақты рейстер сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға, Қазақстанға келу туризмін дамыту шеңберінде Араб түбегінің қосымша жолаушылар тасымалын, туристерді тартуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Өткен жылы қазақстандық қажыларды екі елдің әуе компаниялары сәтті әрі қауіпсіз тасымалдаған болатын.

Еске сала кетсек, былтыр Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанға қажылық сапар үшін 3 мың квота бөліп, барлық квота бойынша қазақстандықтар қажылыққа барып келді.

Соңғы жаңалықтар