Қазақстандықтарды алдайтын шетелдіктер көбейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде интернет арқылы алданып жатқан азаматтар өте көп. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус пандемиясына байланысты интернет саласындағы қылмыстар артты. Онлайн-қызметтердің дамуына орай интернетпен жасалатын алаяқтық 2 есе көбейді. Мұндай қылмыстардың салдарынан азаматтарға 67 млн теңге шығын келді. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі Киберқылмыспен күрес орталығының жұмысын күшейтті. Тек осы қылмыстарды ашатын арнайы топтар құрылды. Жауапкершілікке 450 адам тартылды», - деді министр.

Ерлан Тұрғымбаев өзге мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, алаяқтармен күресу үшін тығыз жұмыс істеп жатқандықтарын айтады.

«Өйткені шетелде жүріп, азаматтарды алдайтындар көбейді. Осы жылдың өзінде Ресей, Беларусь, Украина елдерінен Қазақстан азаматтарын алдаған 3 мыңға жуық факті тіркелді. Өкінішке орай, интернет арқылы алданып жатқан азаматтар өте көп. Күнделікті телеарна мен газеттерде, әлеуметтік желілерде сақтық шаралары туралы материалдар берілуде. Онлайн-сауда жасау кезінде азаматтар абай болуы қажеттігін ескертеміз. Қазір Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтардың жеке мүлкін қорғау үшін қадамдар жасалуда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар