Қазақстандықтар жарты жылда 44,4 трлн теңгеге онлайн төлем жасаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 6 айда халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары 44,4 трлн теңгеге жетті немесе 48%-ке өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтып берді.

«Биылғы 6 айда халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары 44,4 трлн теңгеге дейін немесе 48%-ке өсті. Онлайн төлемдердің үлесі 83%-тен асты.

Цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру және цифрлық қаржылық сервистер экожүйесін одан әрі дамыту мақсатында биылғы шілдеде Open API және Open Banking-ті дамыту жөніндегі баяндама жарияланды. Оған қоса, «Цифрлық теңге» жобасы бойынша шаралар жүргізіліп жатыр», - деді Ақылжан Баймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, шілде айының қорытындысы бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 13,7 трлн теңге болып, жыл басынан бері 609 млрд теңгеге немесе 4,7%-ға ұлғайды.

«Инвестициялық кіріс көлемі жыл басынан бері 519,5 млрд теңге болды. Зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 8,2% көрсетіп, зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 5 жылда жинақталған инфляциядан 7,3 пайыздық тармаққа асып түсті», - дейді А. Баймағамбетов.

Айта кетейік, биылғы шілдеде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті, оған азық-түлік бағасының өсуі ең көп үлес қосты.

Шілде айында теңгенің долларға қатысты бағамы 477,07 теңгеге дейін 1,5%-ға әлсіреген.


Соңғы жаңалықтар