Қазақстандықтар зейнетақы жинағы қаражатына қандай клиникада ем ала алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне еліміздегі клиникаларда қандай ем ала алады. Бұл сауалдың жауабын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтар Қазақстандағы кез келген клиникада және стамотологиялық қызметтерді қоспағанда шет елдерде барлық қызметті ала алады. Бірақ, бұл ретте келісімшарт жасалатын медициналық ұйымда аталған медициналық қызмет түрін көрсетуге арналған лицензия болуы тиіс», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Бұған дейін Гүлнар Сәрсенбаева жинақталған зейнетақы қаражаты есебінен азаматтар орфандық ауруларды емдеу, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантация), операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық), сондай-ақ мастэктомия, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), протонды терапия, офтальмологиялық қызметтер сияқты қымбат тұратын қызметтерді ала алатындығын айтқан болатын.

Сонымен қатар аталған тізбе халықтың қажеттілігін ескере отырып, өзгеруі мүмкін.

Еске салсақ, 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі. Сонымен қатар Зейнетақыны пайдалану бойынша медициналық қызметтердің тізімі бекітілді.


Соңғы жаңалықтар