Қазақстандықтар зейнетақы шотындағы қаржының азайып қалғанына шағымданып жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар зейнетақы шотындағы жиналған қаржының жетіспейтінін байқады. Аталған жайтқа қатысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көп адам зейнетақы жинағындағы ақшаның азайғанын байқаған шығар. Өткен айда мен жинағымды тексердім, скрин жасадым. Осы айда зейнетақы аударымы болғанын ескерсек, өткен айда жинақталған сомадан 50 000 теңге жетіспейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жинақ инвестициялық табысқа байланысты дейді. Инвестициялық табыстың жинақталған аударымға қалай әсер ететіні мені таң қалдырады. Мұндай жағдайда жеткілікті шекке жету мүмкін емес», - деп жазды Әсем есімді елорда тұрғыны Facebook парақшасында.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі инвестициялық табыстың өзгеріп тұратынын және бұл қалыпты нарықтық жағдай екенін айтып отыр.

«БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының зейнетақы жинақтары жеке шотқа түсетін жарналар мен есептелетін инвестициялық кірістен тұрады. Инвестициялық табыс - жеке зейнетақы шотына түскен сәттен бастап зейнетке шығу жасы келгенде, шетелге көшкен кезде және мұрагерлік бойынша ай сайынғы төлем түрінде алуға болатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне айналады. Қазақстандықтар инвестициялық табысты алу үшін зейнетақы жинақтарын еліміздегі және шетелдегі зейнетақы активтерін басқарушылар (ҚР Ұлттық банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар) экономиканың әртүрлі секторы бойынша түрлі қаржы құралдарына жергілікті және шетел валюталарында орналастырады», - деп түсіндірді БЖЗҚ-дан.

Инвестициялық кіріс - бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақыдан, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі және сыртқы басқарудағы активтер бойынша тағы сол сияқты кірістерден тұрады.

«Қазақстандықтар зейнетақы жинағында инвестициялық табыс көлемінің өзгеруін байқауы мүмкін. Теңгенің долларға қатысты ұзақ мерзімді нығаюы нәтижесінде теріс бағамдық айырма туындағанын атап өтеміз. Биыл жыл басынан бастап теңгеге қатысты доллар бағамының жоспарлы төмендеуі байқалады. 1 қаңтарда 462,65 теңге, 1 ақпанда 460,51 теңге ал 6 наурыздағы жағдай бойынша 431,08 теңгені құрады. Бұл соңғы 12 айдағы ең төменгі мән. Ақпанда теңге шамамен 3,2%, ал наурыздың бірінші онкүндігінде 2%-ға нығайды. Осылайша, инвестициялық табыстың қысқа мерзімді өзгерісі 1 наурыздағы жағдай бойынша қордың жалпы көлемінің шамамен 30%-н құрайды. Сондай-ақ, жағдай қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі валюталық үлесті қайта бағалау салдарынан теріс бағамдық айырманың туындауына байланысты», - деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Геосаяси жағдай теңге бағамына тікелей әсер етеді, өйткені жаһандық оқиғалар айырбас бағамдарында көрініс табады.

Алайда инвестициялық портфельді әртараптандыру (өткізу нарықтарының ассортиментін кеңейту және қайта бағдарлау), онда бір құрал бойынша кіріс басқа құралдар бойынша уақытша шығындарды жабады.

Осылайша зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етіледі.

Инвестициялық қызметтің нәтижесі бойынша басқарушылардың жыл басынан бергі табысы 1 наурыздағы жағдай бойынша 210,4 млрд теңгені құрайды.

«Зейнетақы жинақтары – ұзақмерзімді инвестиция және инвестициялық табыс мөлшерін объективті талдау. Оны кем дегенде бір жыл ішінде жасаған жөн екенін еске саламыз. Қысқа мерзімді кезеңдердің нәтижесі индикативті емес, өйткені ол нарықтың өзгеруіне байланысты. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған жылдан бастап инвестициялық кіріс (1998 жыл) 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша өсу қорытындысымен 695,96% бүкіл кезеңдегі инфляция кезінде 740,12% құрады. Осылайша, жинақталған инвестициялық табыс ұзақ мерзімді кезеңде инфляциядан едәуір асып түседі», - делінген хабарламада.

Одан бөлек, БЖЗҚ баспасөз қызметі зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және есептеу жүйесі ашық жүргізілетінін еске салды.

Инвестициялық табыс туралы ресми сайттағы (enpf.kz) жеке кабинет арқылы көру мүмкіндігі бар немесе 24/7 режимінде жұмыс істейтін мобильді қосымшаның көмегімен білуге болады.

Зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және әр айдың соңғы күні жүргізіледі


Соңғы жаңалықтар