Қазақстандықтар заң жобаларын талқылау барысын онлайн көре алады - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Сенат депутаттарының заң жобаларын талқылау барысын тікелей эфирден көре алады. Бұл турады Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу барысында аталмыш палата депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент Сенатының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, депутаттар Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов жұмыс бабындағы сапармен Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Жалағаш кентінде және Бұқарбай батыр ауылында, сондай-ақ Сырдария ауданындағы Сырдария кентінде болды.

Жүздесуде Сенат жұмысының ашықтығы туралы айтылып, палатаның жалпы отырыстары мен комитеттердің кеңейтілген отырыстары тікелей эфирде көрсетілетіні айтылды.

«Заң жобасын талқылау барысын ғаламтордан барша қазақстандықтар көре алады. Өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» және халықтың денсаулығына қатысты заңдар халық арасында кеңінен талқыланды. Осындай мәселелерді талқылауда халықтың пікірі, ұсынысы біз үшін маңызды. «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың сапалы білім беруі және оларды артық жүктемеден арылту үшін қабылданып отыр. Мұғалімдердің ар-намысына тиіскендерге қатысты жауапкершілік күшейтіліп, тиісті мөлшерде айыппұл төлейтін болады. Ұстаздар қауымын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету де қолға алынып отыр», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Одан басқа, елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде басқарған азаматтар 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.

Депутаттар аймақты аралау барысында И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейге арнайы барып, ауыл тұрғындарымен, мұғалімдермен, медицина қызметкерлерімен, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарымен, шаруа қожалықтарының өкілдерімен, сондай-ақ ауыл ақсақалдарымен кездесті.

Сенаторлар сонымен бірге тұрмыстық және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, нашақорлық, адам өліміне қатысты қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту шаралары туралы айтты. Жүздесуде ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Тұрғындар «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының қабылданғанына ризашылығын білдіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы және еңбекақыға қатысты сауалдар қойды.

Палата өкілдері кездесуде айтылған өзекті мәселелер бақылауда болатынын айтып, маңызды тақырыптар Парламент Сенатында талқыланатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар