Қазақстандықтар тұтынатын қанттың 70 пайызы сырттан әкелінеді
2022 жылғы 13 мамыр 12:03

Қазақстандықтар тұтынатын қанттың 70 пайызы сырттан әкелінеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еnergyprom.kz Қазақстанға сырттан импортталатын азық-түлік өнімдеріне талдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші тоқсанда елде 607,8 млрд теңгенің азық-түлігі өндірілген. Бұл ақшалай есеп бойынша бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,7 пайыз көп.

Өңірлер арасында Алматы облысының үлесі басым – 88,1 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл облыс бір жылдың ішінде өндіріс көлемін 25,5 пайыз өсірген.

Алғашқы үштікте Қостанай (83,5 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (65,7 млрд теңге) облыстары тұр. Тізімнің соңындағы Маңғыстау облысында 2,3 млрд теңгенің өнімі ғана шығарылған.

Өндірілген көлемнің негізгі бөлігі ұн-жарма және крахмалға (139,8 млрд теңге), консервіленген ет пен ет өнімдеріне (101,1 млрд теңге), сүт өнімдеріне (94 млрд теңге) тиесілі.

Аталған дереккөздің мәліметінше, бағасы импорт көлеміне тәуелді азық-түліктің ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдер де бар.

«Мысалы, қант нарығы тікелей импортқа тәуелді. Қаңтар-ақпан аралығында елге 42,3 мың тонна қант әкелінді. Былтыр бұдан 17,9 пайыз аз болатын. Қантқа деген сұраныстың 70,2 пайызы импорт жауып отыр. Ірімшік (52,8 пайыз) пен қаймаққа (43,4 пайыз) деген сұраныстың жартысын да импорт жабады. Сондай-ақ ұн, өңделген сүт, нан, күріш, ет өнімдері бойынша өзімізді-өзіміз жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отырмыз», - деп жазады Еnergyprom.kz.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, кейінгі 6 жылда алғаш рет инфляция көлемі 13,2 пайыз межеден асқан.


Jańalyqtar

MURAǴAT