Қазақстандықтар Сириядан елге қалай қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҰҚК дайындаған «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы аясында жүргізілген ауқымды жұмыстар туралы баяндайтын «Рақымды ұйғарым» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Деректі фильмде ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел қызметкері алғаш рет қарулы қақтығыс аймағында болу жағдайларын, арнайы операцияның дайындық процесін ашады. Қазақстандық азаматтарды Сириядан қайтару бойынша бірегей операцияны жүргізуге тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдары туралы әңгімелейді.

Фильм басында қазақстандықтардың арасында «Жусан» операциясы туралы не білесіз деген сауалнама жүргізілген.


«Басқа, теріс діни ағымдардың ізінде кеткен қазақстандықтарды қайтару жолында қолға алынған «Жусан» операциясын дұрыс бастама деп ойлаймын. Өз басым олардың елге қайта оралғанына қуаныштымын», - дейді сауалға жауап берген отандасымыз.

Аталған операцияның алғашқы кезеңінде 47 адам елге оралды. Оның ішінде 30 бала, 6 ер адам және 11 әйел бар. Екінші кезеңде 231 отандасымыз Қазақстанға аман-сау оралған, атап айтқанда, 156 бала (18 жетім бала), 16 ер адам және 59 әйел. Үшінші кезеңде 246 қазақстандық отанға оралды. Нақтылай түссек, 171 бала (9 жетім бала), 8 ер адам және 67 әйел адам бар. Ал операцияның төртінші кезеңінің нәтижесінде 71 адам, яғни 49 бала (5 жетім бала), 3 ер адам және 19 әйел туған жерге оралды. Және бесінші кезеңде 12 қазақстандық бар, оның қатарында 7 бала (2 жетім бала), 4 ер адам және 1 әйелге елге қайтарылды.

Оперция нәтижесінде жалпы жиыны 607 адам отанына аман-сау оралды. Олардың қатарында, 413 бала (34 жетім бала), 37 ер адам және 157 әйел бар.

«Бізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз келісімін беріп, қолдады. Оперция барысында көптеген қиындықтарға тап болдық. Отандастырымызды Сириядан табу, оларды елге әкелу, ұшаққа отырғызу осының бәрі үлкен шаруа. Әрине жан-жақты келіссөздер жүргізілді. 2018 жылдың жартысынан 2019 жылға дейін тек дайындық жұмыстарымен айналыстық», - деді ҰҚК-нің жедел қызметкері.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, қазіргі ҚР Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, аталған операция барысында АҚШ-пен және бірқатар халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізілді.

«Әрине кейбір мемлекеттер, ұйымдар қауіпсіздік тұрғысында әлі күнге дейін өз рөлдерін алдыңғы қатарға шығармауға тырысуда. Біз әрине олардың ұстанымына құрметпен қараймыз, қабылдаймыз. Сондықтан осы іске атсалысқан барлық мемлекеттер мен ұйымдарға алғысымызды білдіреміз. Кем дегенде 20 мемлекет пен халықаралық ұйымдар қол ұшын созды», - дейді Е. Ашықбаев.

Операцияға қатысушылардың алдында Сирияда қанша отандасымыз бар, олардың жағдайы қалай және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тұрған.

«Біз шамамен қанша адам барын білдік, дегенмен нақты санын білмедік. Осы мақсатта 2018 жылдың қараша айында алғаш Сирияға бардық. Мақсат – отандастарымыздың саны мен жағдайын білу. Ондағы біз көрген жағдай жантүршілгерлік. Барған соң лагерьлер мен әскери госпитальдарды аралап, жерлестерімізді түгелдеуге көштік», - дейді ҰҚК-нің жедел қызметкері.

«Жусан» операциясы барысында елордада Сириядағы отандастарымызды құтқарушылармен тікелей байланыс құру мақсатында жедел штат құрылған.

«Соғыс, қақтығыс болып жатқан аймаққа бару қиынға соқты. Соған қарамастан аз уақыттың ішінде азаматтарымызды тауып, тиісті шараларды қабылдай білдік. Жалпы Қазақстан соғыс аймақтарынан өз азаматтарын алған алғаш мемлекеттердің бірі болды. Ата-анасыз қалған балаларға ДНҚ сараптамасын жүргізіп, өз қандасымыз екенін анықталғаннан кейін ғана елге әкелінді. Тіпті Қазақстан азаматы болмаса да бізді де ала кетіңіздерші деп өтінгендер болды», - дейді Е.Ашықбаев.

«Біз жақынын жамандыққа қимаған, жауға бермеген халықпыз. Мемлекеттің басты құндылығы – адам. «Жусан» операциясы бұл адам өмірі, оның болашағы және ең бастысы әрбір қазақстандықтың өмірі мемлекеттің басты мүддесі екенін көрсетті. Сол секілді бұл бірнеше мемлекеттік органдардың нәтижелі жұмысын көрсетіп отыр. Қазір осы операцияның барысын басқа мемлекеттер де зерделеп, қарап жатыр. Сол арқылы адам мемлекеттің қорғауында екенін дәлелдеп отырмыз. Азаматтарымызды елге алып келу бір бөлек, ал оларды қалыпты өмірге қайта бейімдеу бірнеше органдардың қоян-қолтық жүйелі еңбегі», - деп өз ойымен бөлісті ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Аталған операцияның нәтижесінде Сириядан елге оралғандардың бірі Әсия Асқар атты жерлесіміз.

«Менің 6 балам бар. Оның біреуі сонда қалып қойды. Сирияда жүргенде интернеттен Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елі ешқашан жетім-жесірін далада тастамайды деген сөзін естіп қуанып, елге қайту жолындағы үмітім сөнбеді», - дейді Ә. Асқар.


Соңғы жаңалықтар