Қазақстандықтар сайлауға белсене қатысатынына сенемін - Анатолий Выборный

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресей мемлекеттік Думасының депутаты, халықаралық байқаушы Анатолий Выборный «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның уақыт талабына сәйкестігіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының парламенттік делегация құрамында Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей парламенттерінің мүшелері бар. Олардың барлығының сайлауға қатысушы халықаралық байқаушылар ретінде тәжірибелері мол. Оның ішінде біздің байқаушылар Қазақстанда өткен осыған дейінгі президенттік сайлауға да қатысты. Осы уақыт аралығында біз Қазақстанның сайлау туралы заңнамасымен жақсы таныспыз. Және заңнама уақыт талабын бұзбайды, ең бастысы сайлау процесінің уақыты Қазақстан мен халықаралық заңнаманың талаптарына сәйкес келеді», - деді А. Выборный бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, халықаралық байқаушы қазақстандықтардың сайлауға белсенді қатысатынына сенім білдірді.

«Біз Қазақстандағы кезекті президент сайлауына байқаушы ретінде қатысатынымызға қуаныштымыз. Қазақстандықтар сайлауға қатысуда жоғары деңгейде белсенділік танытатынына сенемін. Және ол сайлау қорытындысында өз нәтижесін береді. Біз үшін маңыздысы - сайлаудың Қазақстан мен халықаралық сайлау туралы заңнама талаптарына сәйкес өтуі. Өз тәжірибемнен айтарым, бұған дейінгі сайлау бойынша байқаушылар немесе халық тарапынан ешқандай күдік болған емес», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан бөлек, ТМД және ШЫҰ өкілдерінен құралған байқаушылар келіп жетті.

Соңғы жаңалықтар