Қазақстандықтар сәбиді терезеден құлап кетуден қорғайтын құрылғы ойлап тапты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат –Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары сәби өмірін сақтап қалатын ақылды терезе ойнап тапты. Өнертапқыштар авторлық құқықты иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Айкен Алтай мен Айдана Кенжебаева «Savvywindow» автоматтандырылған терезе жобасын сәтті аяқтап, жаңа туындының авторлық құқығын иеленді. Олар көпқабатты тұрғын үйдің жоғары қабатындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы құрылғы қондырған.

«Терезені ашу үшін арнайы құпия сан сұралады. Ашқан соң сигнал қайта түсіп, терезені лезде жабуға мүмкіндік бар. Яғни, 90 см аумақта дыбыс сезілсе, күрт құлыпталады. Мұндай терезе балалы отбасылар үшін тиімді», - деді жоба авторының бірі Айкен Алтай.

Жобаны іске асыруға мектептің информатика және физика пәндерінің мұғалімі көмектесті. Жетекшілері «ақылды терезені» тек пәтерге емес, мектеп, балабақшаға қондыруға кеңес береді.

«Жаз айы басталғанда балалардың терезеден құлап кету дерегі тіркеледі. Бір жылдан астам уақыт бұрын идеяны іске асыру жолын іздедік. Ал «ақылды терезені» бір айда жасап, іске қостық. Дәл осы жоба елімізде жоқ. Оқушылар авторлық құқықты иеленді», - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Ақзат Қауысова.

Айта кетейік, Ақтөбеде 2018 жылы 1 бала терезеден құлап, көз жұмса, 2019 жылы 2 сәби жарақаттанып, біреуі мерт болған. Былтыр 2 бала дене жарақат алып, екеуі көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар