Қазақстандықтар Ресейден келгендерге қалай көмек көрсетіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Осыған орай ресейліктер шекаралас мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға да жаппай ағыла бастады. ІІМ мәліметінше, 21 қыркүйектен бері Қазақстанға 98 мың ресейлік кірген. Қазақстанның Ресеймен арадағы 7,5 мың шақырым шекарасында 30 автомобиль өткізу пункті бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, кіріп-шыққан көлік саны әдеттегіден 20 пайызға артқан. Осы тұста ел азаматтары көрші елдің келеңсіз жағдайда қалған тұрғындарына қалай көмек көрсетіп жатыр? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

« Қамқорлық көрсетуіміз керек»

Түркістан облысына жұмыс сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейден Қазақстанға келген азаматтарға қаморлық көрсетуге шақырды.

«Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым», - деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті өз сөзінде күрделі жағдайда, ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты таныту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, ол сырттан келген адамдарға көмек көрсетілетінін, алайда жеңілдіктер берілмейтінін еске салды.

«Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз», – деді Президент.

Ал 26 қыркүйек күні Премьер-министр Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланды. Ол өңірлерде әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Премьер-министр уақытша келген шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек: ЕАЭО заңнамасына сәйкес оларды уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажет. Бұл орайда жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды»,- деді Әлихан Смайылов.

Ресей азаматтарына ЖСН нөмірін алу жеңілдетілді

Цифрландыру министрі Бағдат Мусин Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, Ресей Федерациясынан келген азаматтар легі шынымен көп екенін, операторлардың алдында ұзын-сонар кезекте тұрғандардың санында есеп жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол ресейліктерге ЖСН нөмері SMS-хабарлама арқылы жіберілетінін жеткізді.

«Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберілетін болады. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиенттеріне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында шоғырланбауының алдын алады», - деп түсіндірді Мусин.

Ресейліктер Қазақстанда қанша уақыт тұра алады?

Қазақстанда шетел азаматтарының жүруіне қатысты белгіленген шектеулер бар. Шетелдіктердің Қазақстанға келу ережесі «Халықтың көші-қоны туралы» заңы және Үкіметтің «Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және болуының, сондай-ақ, олардың Қазақстаннан кетуінің қағидаларын және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы арқылы реттеледі. Осы ережелерге сәйкес, елде 30 күнге дейін болатын шетелдіктерге уақытша тіркеу міндетті емес. Заңға сәйкес олар біздің елде визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қалғысы келсе, миграциялық қызметке тіркелуі тиіс. Осылайша, тағы 60 күнге создыруға құқылы.

Өңірлерде ресейліктерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

Оралдағы кинотеатр директоры баспана таппай жүрген ресейліктерді кинотеатр залында түнеуге шақырды. Бұл туралы ол кинотеатрдың ресми Instagram-парақшасында жариялаған.

(суреттер ашық дереккөзден алынды)

«Қала көшелерінен баспана іздеген Ресей Федерациясының азаматтарын көріп жүрміз, бізге келіңіздер. Ұялмаңыздар! Сіздерді кинотеатрдың әкімшісі күтіп алады. Біз залды босатып береміз. Біз бәрін де түсінеміз»,- деді кинотеатр директоры.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат фото, видеоларға сәйкес, Орал қаласының тұрғындары келген ресейліктерді құшақ жая қарсы алып жатыр. Олар қонақтарға тегін баспана ұсынып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар вокзалдан шыға берісте де тегін су қойылған. Инстаграм желісіне салынған видео халықтың алғыс білдірген хаттарына толы.

Сонымен қатар оралдық еріктілер әкімдікке маусым аяқталған балалар лагерін ашу туралы ұсыныспен шыққан. Жергілікті басылымның хабарлауынша, қазір кейбір ресейліктер Оралдағы балалар лагеріне орналастырылған. Айта кетейік, лагерьде тәулігіне тұру құны – 2 мың теңге. Лагерьде көші-қон полициясы мен әкімдік өкілдері, тәртіп сақшылары кезекшілік етеді.

Оралда Ресейден келген дәрігерлер жұмысқа қабылданды

Ресейдегі мобилизацияға байланысты Қазақстан аумағына жаппай келіп жатқан азаматтардың арасында білікті мамандар да бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ресейлік үш дәрігерді жұмысқа алды. Аурухана бас дәрігерінің айтуынша, эндоскопист, инфекционист және бактериолог мамандар қазір жұмысқа кіріскелі жатыр. Олар Қазақстанда ұзақ мерзімге қалуды жоспарлап отырған көрінеді. Қазіргі таңда өңірде медқызметкерлер тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Атап айтқанда, 270 дәрігер жетіспейді. Сұранысқа ие мамандар: анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург.

«Ресейден келген дәрігерлердің еңбек өтілі - 8, 12, 15 жыл. Олар тәжірибелі мамандар. Біздің дәрігерлермен тәжірибе алмасады», - дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова.

Петропавл мен Атырауда Ресейден келгендерге тегін баспана ұсынды

Петропавлда пәтер тапшылығы байқалып, жалға алатын баспана қалмаған. Осы орайда ресейліктерге кейбір тұрғындар тегін баспана берген.

Әлеуметтік желіде «Атырау. Ресей азаматтарына көмек» акциясында 7 мыңға жуық қатысушы бар. Жергілікті баспасөздің жазуынша, кейбір атыраулық тұрғындар мейірімділік танытып, тегін уақытша баспана, азық-түлік, бензин, жүргізуші қызметтерін, дәрі-дәрмек, қаланы бағдарлау, заңгерлік кеңестер мен жұмыс орындарын ұсынған.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ресейліктердің қазақстандықтарға мейірімділігі үшін алғыс айту тренді жүріп жатыр. Осылайша ел азаматтары, қонақжай, бауырмашыл, халық ретінде өз көмектерін аяп жатқан жоқ. Қазір де отандастарымыз өзіміздің барлық жақсы қасиеттерімізді, қазаққа тән қонақжайлықты көрсете отырып, немқұрайлылық танытпай, қиын жағдайға тап болған барша мемлекет тұрғындарына барынша қолұшын созып жатыр.


Соңғы жаңалықтар