Қазақстандықтар референдумға белсене қатысып, таңдау жасайды деген сенімдемін – Қарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік хатшы елордадағы №111 референдум учаскесінде дауыс берді.

«Референдумға қатысуым - жеке таңдауым. Әр азамат ел өміріне қатысты маңызды шараларға белсене қатысқаны жөн. 1995 жылғы референдум әлі есімде. Мен ол кезде студентпін. Референдум бойынша бастамашы топтың құрамында болып, үйлерді аралап, халыққа Конституцияның маңыздылығына қатысты түсіндіру жұмысымен айналыстық. Бүгін отбасыммен келдім. Референдумға дейін отбасымда оның мәні мен маңыздылығы, қалай өтетіндігі туралы әңгіме құрдық. Балаларыммен референдум туралы дискуссия өткіздік, олардың бұл шарадан хабары бары қуантты», - деді Ерлан Қарин БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере тұрып.

Мемлекеттік хатшының мәліметінше, референдумда жастар аса белсенділік танытуда.

«Қазір жастар белсенді. Олардың елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік даму жағдайына қатысты сұрағы көп. Жалпы бүгінгі шараға қазақстандықтар белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деген сенімдемін. Референдумға дайындық барысында еліміздің біраз өңірінде болдым. Түсіндіру жұмыстары кезінде азаматтардың белсенділігі байқалды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқыға салынды. Сол сияқты демалыс күндері отбасыммен, балаларыммен қыдырып жүргенде көшеде көріп, таныған азаматтар тоқтап, референдумға қатысты сұрақтарын қойып жатты. Бұл да қызығушылықтың белгісі», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар