Қазақстандықтар психиатрдың көмегіне онлайн жүгінуге болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарт- Психиатр мамандар 250 мыңнан астам адамға онлайн көмек көрсетті. Бұл туралы брифинг барысында Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, пандемияның салдарынан медициналық ұйымдардың жұмысы өзгеріп, науқастарға көмек көрсету тәсілі онлайн режимге бейімделген.

2020 жылдың төртінші сәуірінен бастап БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен onlinehealth.kz интернет платформасы іске қосылды.

«Онда онлайн режимде консультациялар беріледі, жазбаша сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі бар, өзіне көмек көрсету бойынша ақпарат қамтылған, сондай-ақ психикалық денсаулық мамандарына, оның ішінде мектеп психологтарына қиын жағдайда көмек көрсету үшін ресурстар қарастырылған. Платформа іске қосылғалы 80 мыңнан астам пайдаланушы сайтқа кіріп, қызметімен танысты, 250 мыңнан астам көмек алды, 400-ге жуық толыққанды онлайн консультация өткізіліп, ұсыныстар берілді. Сондай-ақ 200-ден аса жазбаша өтініш қаралды», - дейді Қуаныш Алтынбеков.


Соңғы жаңалықтар