Қазақстандықтар өз қаласының инфрақұрылымын жақсарту туралы ұсыныс жібере алады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Q88 урбанистер қауымдастығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және BTS Digital-мен бірлесіп «Берекелі бастау – қалалық бастама» онлайн платформасын іске қосты, онда қазақстандықтар өз қалаларының инфрақұрылымын жақсарту үшін идея ұсына алады, басым және өзекті бастамаларға дауыс бере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта қала дегеніміз жай ғана ғимараттар, аумақтар, көшелер ғана емес, бұл – бірінші кезекте адамдар. Қандай да бір тұжырымдаманы жоспарлау, әзірлеу мақсаттары қойылғанда адамдар туралы айтылады. Тұрғындармен тиімді коммуникация, қоғамның қатысуы және азаматтарды қалалық жоспарлауға тарту – барлық қаланың дамуындағы табыстың кепілі болмақ. Кез келген қала үшін кез келген жобаның сәтті шығуының 40%-ы тиімді коммуникацияға байланысты. Урбанистикада коммуникацияны қалай жүзеге асыру керектігі туралы мыңдаған мысал жазылған. АҚШ-та қандай да бір жақсарту қажеттілігі бойынша видеоконтент қабылдайтын платформа іске асырылып жатыр, қала әкімшілігі тұрақты түрде қандай да бір шешімдерді талқылап, қабылдайды», - деді Q88 урбанистер Қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Урбанистер қауымдастығының басшысы «Берекелі бастау – қалалық бастама» алғашқы жобасының іске қосылғанын атап өтті.

«Жоба онлайн платформа түрінде жұмыс істейді, онда қала тұрғындары инфрақұрылымды жақсарту идеяларын ұсынады, ең өзекті бастамаларға дауыс береді, алдағы уақытта жергілікті билік белгілі бір жобаларды іске асыруда басымдыққа ие болады. Жобаның басты мақсаты – қаланың басты өзгерістеріне тұрғындарды көптеп тарту. Тұрғындар қаланы жақсарту, ағаш отырғызу, саябақтарды абаттандыру, спорт алаңдарын салу туралы кез келген идеяны ұсына алады. Барлық өтінімдер жиналғанып, дауыс беру жарияланғаннан кейін түрлі тақырыптар мен мәселелер бойынша идеялар бір алаңда орналастырылады. Бұдан әрі ең көп дауыс алған жобалар іске асыруға жіберіледі және қандай да бір қалада басымдық ретінде қойылады», - деді Ерлан Әукенов.

Айта кетейік, жыл басында Қалаларды сапалы жоспарлау Berekeli bastama платформасында талқыланатыны жарияланған еді. Порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын бере алады. Жобаларды мамандар ғылыми тұрғыда қарастырып, ең үздіктері дауыс беру үшін порталда жарияланады .


Соңғы жаңалықтар