Қазақстандықтар отандық қандай көліктерді ұнатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда құрастырылған ең өтімді жеңіл көліктер брендіне Lada, Hyundai, KIA, Ravon және JAC автомобильдері жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы биылғы 4 айда автоөндіріс саласының жұмыс нәтижесін жария етті.

Аталған одақ мәліметінше, қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан аумағында жалпы құны 173,4 млрд теңге болатын 23 703 автокөлік құралы (жеңіл және жүк көлігін, автобус техникасын, арнайы машиналар мен тіркемелерді қоса алғанда) құрастырылды. Нақты мәндегі шығарылған өнім көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 84,6 пайызға асып түсті.

Жеңіл автомобиль өндірісі 1,7 есе артып, 20 906 көлікке жетті. Автобус техникасын шығару төрт айда 73,4 пайызға өсті. Аталған кезеңде 352 автобус шығарылды. 2 080 жүк көлігі құрастырылды. Өсім 6,8 есеге жетіп отыр. Сондай-ақ 289 тіркеме, 76 арнайы машина жасалды.

2020 жылдың сәуір айында қазақстандық кәсіпорындардың конвейерінен 4 867 автокөлік шықты. Бұл, 2019 жылғы көрсеткіштен 20,4 пайызға жоғары. Дегенмен, осы жылдың наурызымен салыстырғанда көрсеткіш 21,8 пайызға төмендегені байқалады. Наурызда елімізде 6 229 автокөлік шығарылған еді.

Республика тұрғындарының отандық автомобильдерді сатып алуға жұмсаған шығыстары өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 30 пайызға артып, 91,3 млрд теңгеге жетті. «Азия Авто» АҚ төрт айда - 5 882 , «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС 5 286 автомобилін сатты. Мұнан арғы отандық автоөндірушілердің өз өнімдерін сатудағы рейтингі мынадай: «СемАЗ» ЖШС (729), «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ (286), «Hyundai Trans Auto» ЖШС (99) және «Daewoo Bus Kazakhstan» (7).

Қазақстанда құрастырылған ең өтімді жеңіл көлік брендіне Lada (3 685), Hyundai (3 171), KIA (1 952), Ravon (1 369) және JAC (193) автомобилі кіреді. Мұнан бөлек, отандық кәсіпорындар ұсынатын брендтер қатарында Chevrolet (175), Skoda (136) және UAZ (69) көліктері бар.

Жеңіл көліктердің Lada Granta (1 701), Ravon Nexia R3 (1 369), KIA Rio (1 225), Hyundai Tucson (1 113) және Lada Vesta (962) маркалары көп сатылған. Қазақстандықтар арасында танымал модельдер легіне Hyundai Creta (698), Hyundai Accent (572), Lada Largus (528), KIA Sportage (427) және Hyundai Elantra (424 ) брендтері де кіріп отыр.


Соңғы жаңалықтар