Қазақстандықтар мінген 3 автобус Киевтен жолға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Киевтен қазақстандықтар мінген 3 автобус жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен азаматтарымыз мінген тағы 3 автобус Киевтен Львовқа жолға шықты» делінген елшілік таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, 1 наурыз күні Алматының халықаралық әуежайына «Air Astana» әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы Украинадан эвакуацияланған Қазақстан азаматтарының алғашқы тобын алып келді.

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар мінген екінші рейс кеше кешкісін Нұр-Сұлтанға қонды.

Олар Польшаның Катовице қаласынан Атырауға, одан әрі ел астанасына жетті. Бортта 120 ересек және 4 бала бар.

Қазақстанның Украинадағы елшісінің кеңесшісі Сергей Коноваловтың мәліметінше,

Украинадан отанына оралғысы келетін қазақстандықтардың саны күн санап артып жатыр.

«Жуырда ғана 600 адам эвакуацияға өтініш берді. Осылайша біздің консулдықтың есебінде 1,5 мың адам тұр. Қазақстанның Украинадағы елшілігі істің соңына дейін болады. Әзірге мүмкіндік бар кезде азаматтарымызды аталған елден эвакуациялаймыз», - деді Сергей Коновалов тілшілерге берген сұхбатында.

Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, Украинадан барлық қазақстандық эвакуацияланып бітпейінше Елшілік Киевте жұмысын жалғастыра береді.


Соңғы жаңалықтар