Қазақстандықтар меншік иелері бірлестігін онлайн тіркей алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар меншік иелері бірлестігін (МИБ) онлайн режимде тіркей алады. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әділет министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Digital Justice портфелі аясында жаңа жобаны іске қосты. Енді қазақстандықтар МИБ-ті онлайн режимде тіркеу мүмкіндігіне ие болды.

Бұрын қазақстандықтар МИБ тіркеу және оның төрағасын сайлау үшін үй тұрғындарымен бірнеше рет кездесіп, әділет органдарына тиісті өтініш беріп, көп уақыт жұмсайтын. Енді ұялы телефондағы мобильдік қосымша арқылы онлайн-өтінім беруге болады. Бұл қызмет «Управдом» ЖШС қосымшасында қолжетімді», - дейді ол.

Талғат Уәлидің айтуынша, бұл жоба арқылы онлайн форматта дауыс беруге болады. Бұл тұрғындардың қолтаңбаларын онлайн жинауға, дауыстарды, кворумды автоматты түрде санауға және электрондық хаттаманы автоматты түрде толтыруға мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ үйдің төрағасы, хатшысы және Кеңес мүшелері қол қойған электрондық хаттама «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына МИБ-ті электрондық тіркеу үшін жолданады. Жоба ең алдымен, МИБ қызметінің ашықтығы, алаяқтық әрекеттерді болдырмау, үйді басқару кезінде процестерді автоматтандыру, қағаз құжат айналымынан арылуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, азаматтарға қолайлы болу үшін басқа да IT-шешімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жалғаса бермек. Әділет министрлігі халыққа қызмет көрсетуді жақсарту үшін реформаны іске асыруды одан әрі жетілдіре береді», - ресми өкіл.

Айта кетейік, Қазақстанда пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) орнына тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары енгізілді:

- меншік иелері бірлестігі (МИБ) – заңды тұлға ретінде тіркелу;

- қарапайым серіктестік – заңды тұлға ретінде тіркелмей, барлық меншік иесімен тікелей бірлесіп басқару формасы.

Көпқабатты баспана тұрғындары енді «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасына сәйкес өз үйін өзі басқаратын болады.


Соңғы жаңалықтар