Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қазақстандықтар мемлекеттік қызмет сапасына қаншалықты көңілі толады

2022 жылғы 22 ақпан 13:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына риза ма? Қызмет көрсетуде қандай құқықбұзушылықтар орын алып жатады? Осы және өзге де мемлекеттік қызмет сапасына қатысты мәселелерге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев тоқталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттік жұмысының маңызды бағыттарының бірі халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Себебі бақылау функцияларын іске асыру аясында 2021 жылы республика бойынша барлығы 782 тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 24 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Заң бұзушылықтың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзіміне байланысты. Тексеріс қорытындысына сай 229 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Дархан Жазықбаев агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, 2021 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты халықтан 716 өтініш келіп түсті.

«Тұрғындардан келіп түскен өтініштердің негізінде 359 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында 160 өтініш иесінің шағымы расталды. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында біздің агенттіктің жанында депутаттар, құзырлы орган мамандары, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құралған консультативтік сараптамалық топ жұмыс істейді. Өткен жылы аталған жұмыс тобының 3 отырысы өтті. Отырыс нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірленді», - дейді ол.

Сондай-ақ, агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті көрсетудің сапасына қатысты халық пікірі ескерілгенін айтты.

«Өткен жылы Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, электронды Үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметті көрсету сапасына қоғамдық бақылау мониторингі жүргізілді. Мониторинг 95 мемлекеттік қызмет бойынша 23 мыңнан астам респонденттің қатысуымен өтті. Нәтижесінде халықтың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 75 пайызды құрады. Бұл объективті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндіктен агентті шараны биыл да жалғастырады», - дейді Д. Жазықбаев.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары