Қазақстандықтар маймыл шешегіне қарсы вакцина алуға міндетті ме

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар маймыл шешегі вирусына қарсы вакцина алуы тиіс пе? Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маймыл шешегі - денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп танылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының айтуынша, әр ел бойынша болжам бар. Маймыл шешегінің таралуына қатысты қазіргі қауіп Еуропа елдеріне қатысты болып отыр. Басқа елдерде қауіп орташа және төмен. Қазақстан маймыл шешегінің таралу қаупі бойынша неғұрлым төмен елге жатады», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен брифингіде.

Сондай-ақ, министр орынбасары маймыл шешегіне қатысты вакцина алу мәселесін қозғады.

«Біз 80-жылдарға дейін табиғи шешекке қарсы вакцина алдық. Табиғи және маймыл шешегі вирусы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан, ғалымдардың пікірінше, табиғи шешекке қарсы вакцина алғандар маймыл шешегі қаупінен қорғалған деп саналады. Олар инфекция жұқтырған жағдайда ауру жеңіл өтеді. Маймыл шешегі вирусына қарсы вакцинациялауға қатысты ДДҰ-ның нақты ұсынысы бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, маймыл шешегі вирусына қарсы бүкіл халықты вакцинациялаудың қажеті жоқ.

«Өйткені, вирус өте тығыз байланыс болғанда ғана жұғады. Сәйкесінше, ол қоғамда тез қарқынмен таралмайды. Маймыл шешегіне қарсы вакцинаны оны жұқтырған адаммен өте жақын байланыс болғанда ғана алуға болады. Сондай-ақ, маймыл шешегі вирусын жұқтырған науқастарды емдейтін медицина мамандарына вакцина алуға кеңес беріледі», - деді А. Есмағамбетова.

Айта кетсек, қазір орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты баспасөз мәслихаты өтіп жатыр.

Брифингіде белгілі болғандай шілде айы басталғалы 3 қазақстандық коронавирустан қайтыс болды.

Сонымен қатар, қазір әлемде омикрон штамының өршіп тұрғаны айтылды.

Сондай-ақ, еліміз 300 мың доза Pfizer вакцинасын сатып алу бойынша келісім жүргізіп жатыр.

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы жаңа препаратты клиникалық хаттамаға енгізуді қарастырып жатқаны да мәлім етілді.
Соңғы жаңалықтар