Қазақстандықтар көбінесе қандай дәрі-дәрмектің жағымсыз әсеріне тап болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 9 айында дәрілік заттардың жағымсыз әсерін мониторингтеу нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылдың 9 айында Фармация комитеті аумақтық департаментінің фармацевтикалық қызметі 898 объектіге тексеру жүргізді, оның ішінде жоспардан тыс тексеру - 231. Соның нәтижесінде 260 құқықбұзушылық анықталды.

«Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін 2282 дәрілік заттың жағымсыз әсері жөнінде белгілі болды. Соның ішінде 77 факті бойынша мұның соңы ауыр жағдайға апарып соққан. Осыған байланысты 19 іс қаралып, 18 дәрі сатылымнан алынып тасталды», - деді ҚР Денсаулық министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 9 ай ішінде комитеттің аумақтық филиалдарында дәрі-дәрмек дауына қатысты 102 әкімшілік іс қозғалып, шамамен 8 137 160 теңге сомаға айыппұл салынды. Бұдан басқа, анықталған кемшіліктер бойынша прокуратура органдарына - 15, әкімшілік сотқа - 6, ІІМ органдарына - 5, мемлекеттік кірістер департаментіне - 1, өңірлік денсаулық сақтау басқармасына - 9, қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне - 1 материал жіберілген.

«Ең көп кемшілік дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сақтау тәртібін орындамау, дәрі мен бұйымдарды және медициналық техниканы сатып алу, қамтамасыз ету, есепке алу қағидаларын бұзу, көтерме және бөлшектеп өткізу және жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды жою қағидаларын бұзу оқиғалары бойынша анықталды. Ел азаматтарының ең көп тіркелген жағымсыз әсері - пропофол мен кетамин дәрілері, бұлар наркоз кезінде қолданылады», - деді комитет басшысы.

Айта кетсек, елімізде 2005 жылдан бастап медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың жағымсыз әсерлеріне мониторинг жүргізіліп отырады.

 

 

Соңғы жаңалықтар