Қазақстандықтар көбіне қаржылық қызметтер саласына шағымданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интегерация министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеттінің төрағасы Азамат Ахметов ел тұрғындары көбіне қай қызмет түрлеріне шағымданатынын айтты, деп хабарлайды Қақпарат тілшісі.

«Статистика бойынша жылына 40 мыңға жуық өтінім мен шағым тұтынушылардан келіп түседі. Олар мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге жүгінеді. Бүгінде мәселелердің түрлеріне қарай сипаттап отырмыз. Қазіргі таңда 60 пайызға жуығы, яғни 12 мыңға тарта өтінім мен шағым қаржылық қызметтерге қатысты. Екінші орында, яғни 20 пайызы бөлшек саудаға байланысты, сондай-ақ арыздардың 15 пайызға жуығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелерін қамтып отыр. Осыдан кейін шағымдар медициналық қызмет пен басқа да проблемаларға қатысты», - деді А. Ахметов Ұлттық тұтынушылар лигасы өкілдерімен кездесу барысында.

Осы орайда комитет басшысы тұтынушылар қаржылық мәселелерде қарыз алу, банктік қызметтер, несие алу бағытында атқарылатын шаралардың сапасыздығына арызданатынын атап өтті. Сонымен қатар, бөлшек сауда саласында сатып алынған тауарды кері қайтарудың қиындықтыры жиі кездеседі. Бұл ретте тұрғындар тауардың сапасыз болуына байланысты оны қайтаруға тырысып жатады.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта 40 мың өтінім мен шағымды санаттарға бөліп, өкілетті органдарға бағыттап, атқарылатын жұмыстарды үйлестіру керек.

Бұдан бөлек Азамат Ахметов тұтынушылардың құқығын қорғауға негізделген заң жобасының тұжырымдамасы бойынша жұмыстар жүріп жатқанын, құжатты халықтың талқысына шығару жоспарланып отырғандығын атап өтті.

«Қазіргі кезде занамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескеріліп отыр», - деді комитет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен Ұлттық тұтынушылар лигасының арасында меморандум бекітті.


Соңғы жаңалықтар