Қазақстандықтар қай елдерде демалғанды ұнатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар жазда қай елдерде демалғанды ұнатады. ҚазАқпарат тілшісі туристік компанияларға хабарласып, демалыс кезінде қазақстандықтар қай бағыттарға тапсырыс беретінін анықтады.

«Hot Tour» туристік агенттігінің мамандары биыл Түркия, Мысыр және ҚХР-дың Хайнань провинциясында демалуға баратын қазақстандықтардың саны артқанын айтты.

«Сондай-ақ, уақытша визасыз баруға болатын Әзербайжан, Беларусь, Оңтүстік Корея елдеріне саяхат жасаушылар да аз емес», - деп пікір білдірді агенттік қызметкерлері.

Өткен жылы ел тұрғындарының басым бөлігі БАӘ және Тайланд елдерін таңдаған болатын. Алайды биыл бұл елдерге барғысы келетіндер саны азайған.

«Бүгінде бұл туристік мекендерде табиғи апаттардың жиі орын алғандығынан және теңгенің долларға шаққандағы бағамы қымбатқа түскендіктен тұрғындар бағасы қолжетімді елдерге аттануда», - деді «Поехали с нами» демалыс ұйымдастыру агенттігінің мамандары. Олардың айтуынша, аталған мемлекеттерге сұраныс күрт төмендеген.

Ал «Aydana Tour» компаниясының мәліметтері бойынша, биыл жыл сайын жоғары сұраныста болатын Грузия мемлекетіне барушылар саны кеміген. Бұған сол елде болған жалпыхалықтық толқулар себеп.

«Грузияға алдын-ала туристік жолдама алған қазақстандықтар геосаяси тұрақсыздыққа байланысты, сапардан бас тартып, көпшілгі отандық туризмді таңдап жатыр», - деп мәлімдеме жасады «Aydana Tour» туристік агенттігі.

Сонымен қатар, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы соңғы жылдары демалыстарын еліміздің курорттық орындарында өткізетін тұрғындар саны артқанын және ішкі туризмнің қарқын алғандығын растап отыр.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2018 жылы 4,7 млн турист отандық қонақүй қызметтерін пайдаланған. Бұл тұрғыда жылына 7% көрсеткіш көлемінде өсім байқалады.

«Қазақ туризм» ұлттық компаниясының мәліметі бойынша, жаз уақытында ел тұрғындарының басым көпшілігі Алакөл, Балқаш көлдері, Каспий теңізі жағалауларында, Бурабай курорттық аймағында демалады. Статистика бойынша, өткен жылы еліміздің курорттық аймақтарында 1 млн-нан астам қазақстандық демалыстарын өткізген.

Ал тарихи-мәдени және діни туризм Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында белсенді дамып келеді. Бүгінде жастар арасында жаяу сапарлар, альпинистік спорт, тарихи тұлғалар өмір сүрген мекендер және діни ғибадат ету жерлеріне арналған турлар танымал.

«Бұған қоса, демалыс күндері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында арнайы саяхат турлары ұйымдастырылады. Олар еліміздің ұлттық табиғи парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында өткізіледі. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2018 жылы ұлттық парктерге барушылар саны 1 234 362 адамды құрады», - деп «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы ішкі туризмнің өсім динамикасы байқалғандығын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар