Қазақстандықтар қай елдерде демалғанды ұнатады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы туристік маусымда қазақстандықтар қай елдерде демалғысы келеді? Неге шетелге барып демалушылардың қатары күрт азайып кетті? Сыртқы және ішкі туризмдегі өзгерістер жөнінде Қазақстан Туристік қауымдастығының мамандары ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Мамандардың айтуынша, биыл да қазақстандықтар Түркия, Болгария, Грекия, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Гоа, Қырғыз Республикасында демалғанды қош көріп отыр.

Алайда, бірнеше рет бір елде демалғандар жаңа бағыттарға шыға бастады. 

«Түркияға 10 рет барған адамдар бағыттарын өзгерте бастады. Қазір қазақстандықтарды Грузия елінің курорттары қызықтырып отыр. Бұл елде тек жағажай ғана емес, емдеу-сауықтыру саласы да жақсы дамыған.

Алайда Италия мен Испания еліне баратындар да бар. Бірақ олар көп емес. Биыл қыс-көктем мезгілінде қазақстандықтар БАӘ, Тайланд, Малайзия, Қытай, Үндістан елдерінде демалды», - деді Қазақстан туристік қауымдастығының маманы Шакира Әбілбекова.

Оның айтуынша, былтырдан бері ішкі туризм жанданып келеді. Кейбір отандастарымыз шетелден жалығып, туған отанындағы көрнекті орындарды аралай бастаған. БАҚ беттеріндегі жарияланымдар туған жерді аралауды сәнге айналдыра бастады.

«Бұған бірінші кезекте экономикалық дағдарыс ықпал етті. Қазақстандықтар қаржылық тапшылыққа байланысты, шетелге шықпай, Қазақстанның демалыс орындарына шыға бастады. Сондай-ақ, сырттан Қазақстанға келетіндердің саны ұлғайды. Бұған ең алдымен БАҚ беттеріндегі таныстыру материалдарының көбейгендігі түрткі болды. Сонымен қатар, АДС-виза, жеңілдетілген виза жүйесін енгізу де сырттан келушілердің легін арттыра түсті», - деді Ш.Әбдібекова.

Сырттан ағылған туристер легі былтыр желтоқсанда да үзілген жоқ. Көбіне Қазақстанды тамашалауға рюкзагын арқалаған жастар көп келген.

Aviata.kz  компаниясының басшысы Алексей Ли 2017 жылы ішкі туризм трафигі сыртқы туризмнен асып тұрғанын жеткізді.

«Бұл теңге курсының долларға шаққандағы бағамына байланысты болып тұр. Шетелде демалу бұрынғыдан қымбатқа түседі. Адамдар ел ішінде көбірек саяхаттай бастағанын байқап отырмыз. Осындай статистикаға ЭКСПО-ның өтіп жатқаны да әсер етсе керек», - деді Алексей Ли.

Белгілі сақтандыру компаниясының ақпараттық талдау орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, демалушылардың көбі биылғы демалысын Астанадағы ЭКСПО-да өткізуді жоспарлаған. Мәселен алматылықтардың 12%-ы Астанаға жол тартқан екен.

Ranking.kz экономика мониторингінің хабарлауынша, қазақстандықтардың шетелдік демалысы 27 % қымбаттаған.

2015 жылы бір қазақстандық демалысқа орта есеппен 39 мың теңге шығындаған болса, 2016 жылы 49 мың теңге жұмсауға мәжбүр болды.

Ал шетелде демалу үшін қазақстандықтар былтыр 2015 жылға қарағанда 46 пайызға артық ақша жұмсаған.

Қазақстан туристік қауымдастығы басшысы Рашида Шайкенова қазақстандықтардың шетелге шығуды азайтуының бірнеше себебін атады.

«Ішкі туризм дамып келеді. Адамдар өткен жылдары шетелді көріп аралап тастады. Бірақ, өз елінде көп жерді көрмегендер бар. Сөз жоқ, қаржылық фактор да әсер етеді. Адамдар, мәселен Алакөлге жету үшін барлығына шыдауға бар. Өйткені, бұл анағұрлым арзан әрі көлдің суы керемет шипалы», - деді Рашида Шайкенова.

Оның айтуынша, бүгін мемлекет туризмді дамытуға көп күш салып отыр. Алайда, бұл жерде мемлекет көмегінің қай жерде бітіп, бизнес жауапкершілігі басталатынын ұғып алуымыз керек. «Бізде жаппай туризм жоқ. Осыны ескере отырып, мемлекет адамдардың курорттарға жетуіне жағдай жасауы керек. Мәселен, жолды жөндеу, жеңіл авиация кіргізу. Мына тұрған Көлсай мен Қайыңдыға адамдар қазіргіден де тез жетуі тиіс. Сол кезде кәсіпкер ақшасының қайтатынына сенімді болып, банктен кредит алады», - деді Рашида Шайкенова.

Туристік саладағы кәсіпкерлерді қолдауға байланысты Алматыда арнайы бағдарлама бар. Жаңадан келген кәсіпкерлердің көпшілігі аталған бағдарлама бойынша несие алған.

«Туристік саланы дамытуға «Алматы туризм» бағдарламасы іске қосылды. Кәсіпкерлер осы бағдарлама арқылы әріптес банктерден несие ала алады. осы бағытта 400 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлер ең көбі 100 млн теңге алады», - деді ДАМУ қорының өкілі.

Отандастырымыздың өзі көріп білмеген Қазақстандағы жерлерін аралауға деген ынта-ықыласының артуына мемлекеттік саясаттың да ықпалы үлкен. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын.

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым - әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл - мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы - шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - деп түсіндірді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Соңғы жаңалықтар