Қазақстандықтар қандай газет-журналдарды жиі оқиды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда газет-журналға жазылудың жалпы көлемі - 108 363 590 дана. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша деректер осындай, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазпоштаға сілтеме жасап.

Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Казахстанская правда» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында – «Жетісу», «Ақтөбе», «Огни Алатау», «Аq Jol», «Южный Казахстан» газеттері бар.

«Ел бойынша барлығы 204 республикалық және 521 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 45%-ды, өңірлік басылымдардың үлесі - 54%. Тираждың 1% халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі. Қазақстандықтар Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украинаның 3 мыңнан астам газет-журналына Қазпошта арқылы жазыла алады» делінген хабарламада.

Газет-журналға жазылу ауылдарда көп тіркелген: барлық таралымның 73% ауылда. Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды жөн көреді. Жазылу бойынша Қазақстан өңірлері арасында Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

«Статистика жазылу тиражының төмендегенін көрсетті. Өткен жыл қорытындысы бойынша жазылудың жалпы көлемі 127,8 млн. дананы құрады. Биыл қараша мен желтоқсан айларына жазылу әлі жалғасуда және жыл соңында көрсеткіштер шамалы өседі. Бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу –қазақстандық статистиканы растайтын жалпы әлемдік тренд екенін түсінеміз» – дейді «Қазпошта» АҚ «Пошталық сервис» филиалының директоры Нұржан Жабаев.

Қазірдің өзінде 2020 жылға жазылу басталып кетті. Баспасөзге кез келген Қазпошта бөлімшесінде жазылуға болады.

Соңғы жаңалықтар