Қазақстандықтар енді үй сатып алу немесе жалдау кезінде аудандағы қылмыс деңгейін біле алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде криминогендік жағдай, уәкілетті органдардың кәсіпкерлерге қатысты жүргізген тексерулері және жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтер қамтылған географиялық карта әзірленді. Енді қазақстандықтар үй сатып алу немесе жалдау кезінде аудандағы қылмыс деңгейін біле алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Картаны ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті әзірлеген. «Қылмыстық құқық бұзушылық картасында» заңға қайшы әрекеттің қай бап бойынша, қашан және қандай жағдайда жасалғанын білуге болады. Қазірдің өзінде бұл электрондық карта еліміздің ірі қалаларынан бастап, шағын елді мекендеріне дейін енгізілді.

«Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесіне құқық бұзушылық жасалған жер туралы қажетті мәліметтерді толтырғаннан кейін ол автоматты түрде картада көрсетіледі. Жүйе онлайн режимде жұмыс істейді. Қылмыстар бойынша деректер автоматты түрде жаңартылып отырады», - деді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақпараттық-талдау жұмысы, цифрландыру және ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының басшысы Дидар Бұлтанов.


Сондай-ақ, картада учаскелік полиция пункттері көрсетілген. Сол сияқты кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдардың, жол-көлік апаттарының және кәсіпкерлерге жүргізілген тексерістердің нәтижелері картада көрсетіледі. Құрастырушылар бұл өнімді жетілдіре түсуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар