Қазақстандықтар дүкендер мен базарларда 6 трлн теңгеден астам ақша жұмсады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтар елдегі дүкендер мен базарларда 6 трлн теңгеден астам ақша жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ranking.kz порталының мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысында бөлшек сауда көлемі 6,1 трлн теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы ақшалай мәндегі көрсеткіштен 13,8 пайызға артық.

Азық-түлік тауарларының бөлшек саудасы бір жылда 7,9 пайызға өсіп, 2 трлн теңгеге жетті. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17 пайызға артып, 4,1 трлн теңгені құрады.

Сауда кәсіпорындары мен ұйымдары 4,3 триллион теңгенің, жеке кәсіпкерлер, оның ішінде базарларда сауда жасайтындар 1,8 триллион теңгенің тауарын сатты.

Өңірлер бойынша бөлшек сауда тауарларының басым бөлігі әдеттегідей Алматыға тиесілі және республикадағы көрсеткіштің 30,7 пайызын құрап отыр. Ақшамен есептегендегі көлемі бір жылда 10,7 пайызға өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті. Елорда екінші орында тұр. Астанада сауда-саттық 16,8 пайызға ұлғайып, 711,2 млрд теңгені құрады. Үшінші орында тұрған Қарағанды облысында бөлшек сауда 5,5 пайызға өсіп, 506,7 млрд теңге болды. Ресми бөлшек сауданың ең аз көлемі жаңадан құрылған Ұлытау облысында тіркелді, небәрі 39 млрд теңге.


Соңғы жаңалықтар