Қазақстандықтар болашақтағы кеңсе киімін таныстырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Отандық дизайнерлер кеңседе дресс-кодты сақтай отырып жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әрі велосипедпен жүруге ыңғайлы киім түрін жасап шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ЭКСПО-2017 павильондарын аралап жүрген келушілердің назары «Samruk-Energy» стендіне, ондағы спорттық және кеңсе стиліндегі ерекше униформа киген қызметкерлерге түсетіні анық. ҚазАқпарат тілшісі идея авторымен сұхбаттасып, алуан түрлі бағыттарды қалайша бір арнаға тоғыстырғанын сұрады.

Оffice-Аir (кеңсе-спорттық дресс-код) стилін жүзеге асырумен айналысқан «Заманауи инновациялық технологиялар» ЖШС ЭКСПО-2017 көрмесіндегі «Samruk-Energy» компаниясының стендінде жұмыс істейтін қызметкерлерді және волонтерлерді қажетті  киім-кешекпен жабдықтау бойынша тендерге өтінім берген және анағұрлым ыңғайлы ұсыныстар білдіріп, жеңіске жеткен. Қысқа мерзімде компания ерлер және әйелдер жиынтығының қажетті санын тігіп берді. Нәтижесінде «Samruk-Energy» стенді жаңа технологияларымен ғана емес, осындай бірегей идеясымен де көзге түсті», - дейді «Samruk-Green Energy» ЖШС бас директорының кеңесшісі, МВА, экономика ғылымдарының докторы Жомарт Момынбаев.

Шын мәнінде Ж.Момынбаев - болашақтағы кеңсе киімінің жаңа стилін ойлап табуға мұрындық болған жан және оны иеленген алғашқылардың бірі. «Заманауи инновациялық технологиялар» компаниясы өнімнің техникалық сипаттамалары, сыртқы келбеті және кескіндемесі бойынша Жомарт Момынбаевпен кеңескен және алғашқы үлгілерін сынақтан өткізуге берген. Соңында экономика ғылымдарының докторы және дизайнерлер киімнің барынша ыңғайлы, қолайлы, кеңселік дресс-код бойынша жұмыс берушінің талабын қанағаттандырып және жұмысшының велосипед айдауына мүмкіндік беруі тиіс деген тұжырымға тоқтаған.
null 

«Ғаламтор беттерінен еуропалық мемлекеттік қызметшілердің кеңселік дресс-кодқа сәйкес костюмде велосипедпен жұмысқа бара жатқанын көріп жүрміз. Анығында, қазіргі кеңсе киімдері велосипедпен жүруге ыңғайсыз және мұндай физикалық жүктемелерге арналмаған. Жұмысқа келгенде спорттық киімін шешіп, кеңсе киімін киетін мүмкіндік біреуде бар, біреуде жоқ. Осылайша, кеңселік спорттық дресс-код мәселесін шешуді ойладым. Арнайы біріктірілген тұжырымдаманың жоқ екенін білдім. ­Өзім дизайнер болмағандықтан, «Заманауи инновациялық технологиялар» компаниясына идеяларымды жүзеге асыруды ұсындым», - дейді Жомарт Момынбаев.

Жаңа кеңсе киімі жиынтығында арнайы жел өткізгіш материалдан жасалған майка, кеудеше және галстук бар. Одан бөлек, ауа өтетін матадан тігілген шалбар мен туфлиді еске түсіретін кроссовки, сәнді қауіпсіздік бас киімі бар. ЭКСПО-2017 тақырыбымен қатар, Оffice-Аir киімі де энергияны үнемдейді. Кеудешесі бар майка жейде мен пиджакты алмастырады, оны қолмен жууға болады, тез кебеді және үтіктеуді қажет етпейді. Бұл дегеніңіз - нағыз энергияны үнемдеу. Оның үстіне, жұмсалған мата көлемі бір костюм матасынан 3-4 есеге аз. Бұл да толық жиынтықты сатып алу қаражатын үнемдеу мүмкіндігін тудырады.
null 

«Өз басым бұл киімді қуана-қуана киіп жүрмін, киімнен ауа өтеді, белсенді өмір салтына да ыңғайлы, шабаданда көп орын алмайды және үтіктеуді қажет етпейді. Office-Air стилінің негізінде еркіндік пен қозғалысқа деген құлшыныс жатыр. Енді бұл өнімімізді өзге ел мен өзге мәдениет өкілдеріне ұсынып жатырмыз», - дейді Ж.Момынбаев.

Кейбір деректер бойынша, «Заманауи инновациялық технологиялар» компаниясы Алматы әкімдігіне Оffice-Аir стилін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдарда сынап көру үшін және сынақ қатысушыларының ой-пікірін білу мақсатында пилоттық қаланы бекіту мүмкіндігін мақұлдау туралы хат жіберген және мұндай хатты Астана әкімдігі мен ел үкіметіне де жолдауды жоспарлап отыр.

Отандық дизайнерлер алдарына ерекше мақсат қойып отыр, олар Оffice-Аir дресс-кодын әлемге таратып, Қазақстанды Англия (смокинг), АҚШ (джинс) секілді өзекті фэшн-өнім ұсынатын елдер қатарына қосуды көздейді. Ал әзірге болашақтағы кеңсе киімін ЕХРО-2017 көрмесіндегі «Samruk-Energy» компаниясының стендінен тамашалауға болады.   

Соңғы жаңалықтар