Қазақстандықтар биыл отандық автокөлік сатып алуға 454,3 млрд теңге жұмсады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 11 айда елімізде жалпы құны 528,1 млрд теңгені құрайтын 69 мыңнан астам көлік құралы құрастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы таратқан мәліметке сәйкес, жеңіл, жүк, автобус техникаларын, арнаулы машиналар мен тіркемелерді қоса алғанда жалпы құны 528,1 млрд теңге болатын 69 687 автокөлік құрастырылды. Нақты мәнде шығарылған өнім көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 53,9 пайызға асып түсті. Жеңіл автомобиль құрастыру 47,9 пайызға артып, 58 547 көлікке жетті. Автобус техникасын құрастыру да 66 пайызға артып, 1 614 бірлікті құрады. 7 217 жүк көлігі құрастырылып, өсім 1,9 есе болды. Сонымен қатар 330 арнаулы автотехника мен 1 979 тіркеме шығарылды.

2020 жылдың тек қараша айында қазақстандық кәсіпорындардың конвейерінен 7 891 автокөлік шығарылды. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 25,8 пайызға жоғары болғанымен, қазан айындағы көрсеткіштен 29,2 пайызға төмен болып отыр.

Жыл басынан бері отандық автозауыттарда құрастырылған 59 743 көлік сатылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (39 460) 51,4 пайызға жоғары. 2020 жылдың 11 айында отандық кәсіпорындардың нарықтағы үлесі 72,5 пайызға дейін артты.

Республика тұрғындарының жергілікті өндірісте құрастырылған көліктерді сатып алуға жұмсаған шығындары 454,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 67,3 пайызға асып түсті.

Қазақстанда құрастырылған жеңіл автомобильдердің ішінде есепті кезеңде сұранысы жоғары болған 5 брендке мына көліктер кіріп отыр: Lada (16 262), Hyundai (15 621), Chevrolet (7 499), Ravon (5 866) және KIA (5 098). Сонымен қатар отандық кәсіпорындар ұсынатын көлік түрлерінің қатарын JAC (1 816), UAZ (601) және Skoda (257) кіреді. Жергілікті өндіріс ошақтарында құрастырылған көліктердің сатылым рейтингін Lada Granta (7 240) бастап, одан кейінгі орындарға Ravon Nexia R3 (5 866), Hyundai Accent (4 425), Hyundai Tucson (4 319) және Lada Vesta (3 730) жайғасқан.

Сонымен қатар қазақстандық танымал көлік түрлері қатарын Chevrolet Cobalt (3 545), Lada 4x4 (3 001), Hyundai Creta (2 930), KIA Rio (2 687) және Chevrolet Nexia (2 144) толықтырып отыр.

2020 жылдың қаңтар-қарашасында жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар 7 840 автомобиль сатып алды. Осы жылдың 11 айында қазақстандықтар 28 133 техниканы утилизацияға өткізді. Жүргізуге жарамсыз көлік құралдарын утилизациялау бағдарламасының екінші кезеңі аясында жаңа автомобиль сатылп алу үшін 8 684 жеңілдік сертификаты берілді. Еліміздің автосалондарында мұндай 10 957 сертификат пайдаланып, қазақстандықтар отандық өндірістен шыққан 5 715 көлік сатып алды.


Соңғы жаңалықтар